Сырдарияауданы "Руханият" орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан спортшылары мен ардагерлерін Спорт күні мерекесімен құттықтады.

Аудан басшысы спорт саласының ел өміріндегі маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын нығайту және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы тапсырмаларына сәйкес елімізде бұл салаға айрықша қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша» деп атап, спорт саласының инфрақұрылымын жақсартуға нақты тапсырмалар жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт саласында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 2022 жылдан бері аймақта 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның  27-сі спорт кешені,  бүгінде ел игілігіне айналды. Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Ауданымызда да спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде, ауданда тұрақты спортпен шұғылданушылар 44 пайыздан   асты. Аудан халқы 131 дене шынықтыру және спорт нысандарында тегін спортпен шұғылдануда. Жыл басынан бері
спортшыларымыз Азия чемпинатынан 4 медаль,  республикалық жарыстан 16 медаль, облыстан 199 медаль алып, аудан мерейін үстем етті. Биыл мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан спортшылары жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Мұндай жетістіктер жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі деп білемін. Cергей Тоқсанбаев, Шәкір Қиықбаев, Сұлтан Қобландиндердің, бүгінде ортамызда жүрген Пазылхан Абдулпаттаев, Мектепхан Елеусінов, Болат Рысмахан және басқа да сала ардагерлерінің ерен еңбегі екені айқын. Жақын арада көгалдағы хоккейден қыздар арасындағы Қазақстан чемпиондары, жерлестеріміз Қарлығаш Болғанбаева мен Гузаль Пахабадин  Жапонияда өтетін Азия чемпионатына қатысады. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Осы сәтті пайдалана отырып, бүгінгі мерекеде барша сала ардагерлері мен спортшыларымызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сондай, ақ спорт саласын дамытуға және аудан спортының мерейін арттыруға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімінің "Алғыс хаттары" табысталды.

FB_IMG_1786853277650.jpg

Мерекелік шарада сала ардагерлері Елеусінов Мектепхан, Зұлқарнай Тасбергенов сөз сөйлеп, спортшылар мен сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты.

FB_IMG_1786853283571.jpg

Тағы да оқыңыз: