Kyzylorda-news.kz. Жазғы лагерь – өте ерекше әрі қызықты демалыс орны. Онда балалар өз уақытын тиімді әрі пайдалы өткізе алады. Күнделікті түрлі сайыстар мен ойын жаттығулары жүргізіледі. Әр баланың талант қабілетін ашу мақсатында ұйымдастырылатын сайыстар балалар үшін өте қызықты. Біз тәжірибе жинақтау үшін бір күнімізді «Жалын» тынығу лагерінде өткіздік.

«Жалын» тынығу лагерінде қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында театрландырылған қойылым және сурет көрмесі сайыс түрінде өтті. Оған қонақ ретінде қатысқан сала мамандары саламатты өмір салтын насихаттап, адам баласының басты байлығы денсаулықты сақтаудың негізгі қағидаларын атап өтті.Іс-шарада денсаулықтың қадірін түсіну, нашақорлық ауруынан сақтану, имандылық қасиеттерді қалыптастыру, сақтай білуге тәрбиелеу насихатталды. Бұл сайыста балалар өзара бөлініп, ерекше қабілеттерін көрсетіп таңғалдырды.

Содан кейін өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдай орын алған жағдайда не істеу қажеттігін Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі және 12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері демалушыларға түсіндіріп өтті. Өрттің қаншалықты адам өміріне қауіпті екендігін, балаларға отпен ойнамау керектігін түсіндіре отырып, өрт сөндірушілердің құрал-жабдықтарымен таныстырды. Өрт сөндірушілер ер балалардың қызығушылығын арттырып, болашақта өрт сөндіруші қызметкері болуға шақырды.

Және саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында «Жалын»сауықтыру лагерінің тынығушылары арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырды. Жеңіске жету үшін ойнайтын балалар бүгінде достықты дәріптей отыра доп тепті. Қатысушылар жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Командалық топ ауызбіршілікті де, достықты да жолдастық кездесуде қатар насихаттады. Болашақта балалардың мықты футболшылар боларына сенеміз.

Ауасы таза, балалардың шат-шадыман көңілі жүрегіңе жылы әсер етеді екен. Балалық балдәурен шағымыз еске түсіп, осындай керемет жерде тыныққанымыз есімізге түсті. Жалпы лагерьдің жағдайы көңіл қуантарлықтай екені көзге ұрып тұр. Кіре берістен бізді қарсы алған лагерь гиды ең алдымен сауықтыру лагерінің тарихымен таныстырды. Лагерьдің негізі өткен ғасырдың 1988 жылы қаланған, балалардың денсаулығы үшін Қалғандария көлінің жағасында, табиғат аясында орналасқан. Жобаның қуаттылығы 130 орынға негізделген. Тұрғын үй жайлары қаз-қатар тізілген. Оның 9-ы жатын ғимарат, 1 медициналық бекеттің көркіне, тазалығына көз сүйсінеді. Барлық үй-жайлар қажетті жиһаздармен, құрал-жабдықтармен, тазалық бөлмесімен жабдықталған. Сонымен қатар еңсесі биік 130 орындық асханада лагерь тынығушылары 5 мезгіл тамақтанады.

Тынығушылар жас тілшілерді көре салысымен құшақ жая қарсы алды. Маусымның басталғанына 5-6 күн өтсе де іштері пыспағаны, бір-бірімен достасып, үйренісіп кеткендері ұйымшылдықтарынан-ақ көрініп тұр. Орталарынан өзінің елгезектігімен көзге түскен Томирис Ернатқызы лагерь жөнінде ақпарат беріп, өзінің тынығу барысындағы әсерімен бөлісті.

–  Біздің лагерьде 8 топ, оның ішінде 112 бала демалу үстінде. Және де 8 үйірме, сондай-ақ "Шаңырақ" алаңы жұмыс жасауда. Балалардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында көптеген іс-шаралар, спорттық ойындар өткізіліп, топтық жұмысқа баса назар аударылады. Лагерьдің керемет жерде орналасуы, оның таза ауасы, әрбір тынығушының рухани дамуы үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар менің осы лагерьді таңдауыма себеп болды, – дейді "Жасұлан" тобының мүшесі Томирис.

Тағы айта кететін жәйт, жеткіншектердің ынтасын, әрі ойлау қабілетін дамыту, қызығушылығын қалыптастыру мақсатында шахмат, қалдық заттардан керек дүние жасау, қыздар игілігіне тоқыма тоқу, бұйым жасау сынды үйірмелер ұйымдастырылған. Бастысы лагерьде балалардың қауіпсіздігіне аса мән беріледі. 

Жарты күн бойы тынығушылармен бірге болған уақытта ойға түйгеніміз, сырдариялық тынығушылар үшін жайлы орта қалыптасқаны, әрі лагерь керек-жарақтың барлығымен жабдықталғаны. Тәрбиешілер мейірімді, әрі жұмысына адалдығы. 

Алдағы уақытта, алты ауысым бойы өз тынығушыларын құшағын айқара ашып, қарсы алатын лагерь ұжымына сәттілік тілейміз.
Осылайша біздің болашақ маман ретінде лагерь жұмысымен танысуға бағытталған жұмысымыз сәтті әрі қызықты өтті. Өзіміз де көңілді балалармен жақсы уақыт өткіздік. Бір күндік лагерь өмірінде небір қызықтар болғанымен, негізгі іс-шараларды қағаз бетіне түсіріп, оқырманға ұсынуды жөн санадық.

 

Тағы да оқыңыз: