Kyzylorda-news.kz Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келген сала мамандары өңірдегі гидрологиялық жағдайға тоқталып, су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Спикерлердің айтуынша, қазіргі таңда өзендегі су деңгейі тұрақты бақылауда және тиісті мекемелер тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр.

Қызылорда облысындағы су тасқынына негізгі әсер етуші Сырдария өзені. Өзен бойында стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағына Сырдария арқылы секундына 178 м³/сек су келуде.

«Қызылорда су торабынан 150 м³/сек, Әйтек су торабынан 110 м³/сек, Қараөзек арнасы арқылы 30 м³/сек су жіберілуде. Ал Қазалы су торабынан 95 м³/сек, Ақлақ су торабынан 70 м³/сек су Кіші Арал теңізіне бағытталуда. Күннің жылынуына байланысты өзеннің оңтүстік және орталық бөліктері мұздан толық тазарған. Қызылорда және Сырдария аудандары аумағында өзен ашылып, су тораптары реттеліп, Жаңадария, Жаңаарық және басқа да каналдарға көлдер жүйесі мен жайылымдарды суландыру үшін су жіберілуде. Ал Қазалы мен Ақлақ су тораптары маңында өзен толық ашылмағандықтан, транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Мұз жүру кезеңінде кептелістің алдын алу үшін Қазалы су торабында арнайы драглайн техникасы кезекшілікке қойылды» , - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар су тораптарының жұмысы қадағалануда. Қажет болған жағдайда суды реттеу және қауіптің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданады.

«Қазіргі таңда Шардара су қоймасына 5009 млн м³ су жинал. Қоймаға секундына 1176,4 м³ су түсіп, төменгі ағысқа 600 м³/сек көлемінде жіберілуде. Сонымен қатар, Көксарай су реттегішіне де су қабылданып жатыр. Сырдария арқылы келетін су көлемінің Қызылорда су торабына жетуі шамамен 12-13 тәулік, ал Қазалы су торабына 21–22 тәулік уақыт алады. Сондықтан қазіргі жағдайда көктемгі су тасқыны қаупі жоқ. Жалпы облыс аумағындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты және тәулік бойы бақылауда», -  «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуов.

Тағы да оқыңыз: