Kyzylorda-news.kz Статистикалық деректерге иек артсақ, өндірістік жаза­тайым оқиғалар салдарынан соңғы екі жарым жылда 21 адам қайтыс болып, ауыр дене жарақаттарымен 20 адам медициналық ұйымдарға жүгінген. Қалай десек те, мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және адам өмірі.

Деректерді қадағалау аймағында орналасқан кәсіп­орындардағы өндірістік жарақат алу жағдайларына талдау жүргізген аудан прокуратурасы ұсынып отыр. Талдау нәтижесінде ауданда орналасқан мұнай компа­ния­ларының өндірістік аймақтарында жазатайым оқиға­лардың артқаны белгілі болған.

Оқыс оқиғалардың себебі мен салдарын анықтау және алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімі Берік Сәрменбаев төрағалық етіп, Сырдария ауданының прокуроры Асқар Кемалов және орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Елдос Бақторазов, Қызылорда облысының бақы­лау жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Болат Досымов, сондай-ақ атқарушы мекемелердің және уәкілетті орган­дардың басшылары, қоғамдық ұйымның және мұнай компанияларының өкілдері арнайы қатысты. Ал ауданға қарасты ауылдық округтер әкімдері арнайы платформа арқылы онлайн түрде қатысып, ақпараттанды.

– Өздеріңізге белгілі, Конституциямызға сәйкес елі­міздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әркімнің қауіпсіздік пен тазалықтарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл айқын нәрсе» деп атап өткен болатын. Осы мақсат­та жұмыс­керлердің қауіпсіздігінің және еңбек құқық­тары­ның сақталуына аса мән беруіміз қажет, – деді аудан әкімі.

Ведомствааралық  мәжілісте «2022-2023 жылдары және биылғы жылдың 5 айында өндірістегі жазатайым оқиға­ларының себептері мен алдағы уақытта олардың алдын алуға шаралар қолдану туралы» мәселе қаралды. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы аудан прокуроры ақпараттандырып, аудан прокурорының орынбасары баяндама жасады. Одан кейін тиісті сала мамандары тақырып аясында негізгі деректермен бөлісті. Орын алған оқыс оқиғаларды айтып, заң тұрғысында шешілу жолына назар аударды. Жиын соңында мәжіліске қатысушылар тарапынан тиісті сала мамандарына сұрақ қойылып, ұсыныстар айтылды.

Тағы да оқыңыз: