Kyzylorda-news.kz.  Осы жылдың наурыз айында Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында аталған мерекені бекіту ұсынысы көтерілген болатын.  Бастама негізінде Әкелер күнін маусымның үшінші жексенбісіне белгілеу жоспарланды. Атаулы күнге орай Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті Үкімет қаулысына қол қойды. Тиісінше, мереке ресми бекітілді.

Әкелер күнін атап өтуге бастамашы болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған мереке еліміздегі отбасы институтын нығайтуға әсер етпек. 

«Мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күні» мерекесін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар», – деп мәлім етті министрліктен.

Апта ағымында Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Әке көрген оқ жонар" тақырыбында "Жалын" сауықтыру лагерінде еркін форматта кездесу өтті.

Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек  Нұрсейітов, қоғамдық даму бөлімінің жетекші маманы Тұрар Нұрмағанбетов пен орталық кеңесшілері Нұржан Сейтжан Нұржан мен Айдана Мырзахметова қатысты.

Кездесу барысында әкенің отбасындағы рөлі мен әкенің берер тәрбиенің маңыздылығы жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді. Кездесуге келген қонақтар өмірден алынған мысалдар арқылы қызықты оқиғалар айтты. 

 Ауданның барлық мектептерінде әкелердің қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Мұнда елге сыйлы, балаларына жақсы тәрбие берген отбасылардың әкелері арнайы сабақ өткізіп, әсіресе ер баланың тәрбиесі жөнінде кеңестерін айтады. Осындай жақсы жұмысты үйлестіріп отырған ел ағасы Мектепхан Елеусіновты көпшілігіңіз жақсы білесіздер. Мектепхан аға балаларына жақсы тәрбие берумен қатар, барлығын спортқа баулыған өнегелі отбасының иесі. Ардагер спортшы ауданда талай мықты спортшының шығуына атсалысты. Ардақты ардагер зейнетке шықса да ауданның қоғамдық жұмысында да белсенді. Ауданда Мектепхан аға секілді елге сыйлы азаматтар баршылық. Әкенің қоғамдағы орнын айшықтай түсетін атаулы күннің бекітілгеніне қуаныштымыз. Әр бала үшін отбасында әкенің орны бөлек. Әсіресе біздің ұлттық тәрбиемізде асқар тау боп саналатын ардақты әкелерге құрметіміз ешқашан кемімек емес. Сіздер бақытты ұрпақсыздар, ата-аналарыңыздың қадірін біліп, сабақты жақсы оқу үшін жазғы демалыста жақсылап тынығып, сауығып алыңыздар, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.

Лагерьдің аға тәлімгері Тұрар Жағыпаров кездесудің жоғарғы деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, іс-шараны мазмұнды өткізді.
 

Тағы да оқыңыз: