Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жүргізілген болатын. Аталған рейдке аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық мәслихат депутаты Еркебұлан Жақып, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов, білім бөлімінің мамандары, жергілікті полиция бөлімінің қызметкері, жастар ресурстық орталығының мамандары және мектеп мұғалімдері қатысты. 

Бірлескен түрде ұйымдастырылған рейд барысында Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруге тыйым салынатындығы жайлы ескертілді. Өз кезегінде түн мезгілінде тәртіпсіздік жасаған жасөспірімдердің ата-аналарына шара қолданатындылығы жөнінде сала мамандары айтты.

«Өңірімізде орын алған соңғы оқиғаларға байланысты құқықтық іс-шаралар көбейтілді. Оның ішінде, түнгі рейд жүргізудің маңызы зор. Қазіргі уақытта ойын алаңдарында балалар спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған. Ал компьютерлік ойындарға жиі баратын балалардың ата-аналары қатаң қадағалау жасауы тиіс», – дейді аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев.

Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлар және құқық бұзушылық орын алмас үшін түсіндірме жұмысы жүргізілді. 
 

Тағы да оқыңыз: