Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында кездесу өтті. Отбасы институтын нығайту, ананың қоғамдағы мәртебесін арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды жаңғыртуды мақсат еткен шара халықпен ашық пікір алмасу алаңына айналды.

Кездесу алдында облыстық Аналар кеңесінің мүшелері аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Одан кейін аудан жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу мен ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлі жан-жақты талқыланды.

Жиында облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева қазіргі қоғамдағы аналардың әлеуметтік жауапкершілігі мен парасаты ұлт болашағын айқындайтын маңызды фактор екенін атап өтті.

Ал «Praktikos» Еуразиялық заңгерлер және медиаторлар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Жанна Мирамбекқызы отбасылық татулықты сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және аналардың мәмілегерлік рөлі туралы тәжірибелік мысалдармен бөлісті.

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ бөлім басшысы, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Жанболат Досмаханов қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің негізі отбасында қаланатынын атап өтіп, ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында аудандық Аналар кеңесінің төрағасы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамалар туралы баяндады.

Кездесу соңында қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, қыз бала тәрбиесі, отбасыдағы рухани-адамгершілік құндылықтар және ұрпақ сабақтастығы мәселелері төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді.

Көшпелі кездесу аясында көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді. 

Тағы да оқыңыз: