Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік Рәміздер күні мерекесі биыл жексенбіге тура келгені мәлім. Ұлттық рухтың ұстыны болған нышандарға арналған мерекені тойлауға сырдариялықтар ерекше көңіл-күймен қатысқангы баршаға мәлім. Аудандағы Рәміздер алаңында салтанатты іс-шара өткізіліп, оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара басталмас бұрын аудан басшысы облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен бірге оқушылар салған суреттерді тамашалады. Рәміздер алаңына қойылған суреттерде оқушылар Тәуелсіз Қазақ елінің дербестігін айшықтайтын, егемендігін паш ететін бейнелерді суреттепті. Мұнда аудан басшысы өнерлі өрендермен және олардың ұстаздарымен пікірлесіп, алдағы уақытта ауданның сәулетті, келбетті көрініс­терінен сурет салуға басымдық беру қажеттігін жеткізді.

Мұнан соң салтанатты іс-шара бас­талып, әскери топ Мемлекеттік Туды алаңға енгізіп, көк байрақ көкке көтерілді. Жиналған қауым сап түзеп, Мемлекеттік Гимн шырқалды. Аудан басшысы сырдариялықтарды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік Рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер екенін айтты.

– Мемлекеттік рәміздер – елдігіміз бен теңдігіміз, азаттығымыз бен еге­мен­дігімізді айшықтайтын ең асыл құндылықтарымыздың бірі. Оларды мақтан тұту, қадірлеу һәм қорғау біз­дің адамдық борышымыз, қастерлі парызымыз. Рәміздеріміз – жарқын болашағымыздың баянын айтатын, бірлігімізді нығайтатын, рухымызды көтеретін үкілі құндылықтарымыз. Олардың биікте тұруы, биікте шырқалуы – ел ретінде, ұлт ретінде биікте тұруымыздың кепілі болмақ. Баршаңызды осынау рухты мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа береке, ырыс пен шаттық тілеймін. Әнұранымыз әуелеп, байрағымыз биік­те желбірей берсін. Тәуелсіз Қазақ елі жасасын, – деді аудан әкімі.

Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады. Сонымен бірге мерекеге орай аудандық жастар ресурстық орта­лығының ұйымдастыруымен өткізілген «Желбіре, көк Туым» атты челендж қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Марапатталушылардың қатарында Нұрсұлтан Кенжебекұлы, Әділ­бек Шүкіржан, Оразкүл Сейтак­барова, Ахан Нұрланұлы, Ұлпан Дайрабаева бар. Оларға аудан әкімінің Алғыс хаты берілді.

Бұл күні ауданда автошеру, мотошеру және велошеру өткізілді. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әннен шашу шашып,  көпшілікке патриоттық рух мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

 

Тағы да оқыңыз: