Kyzylorda-news.kz. Еліміз бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, 1 шілдеден бастап, елеулі өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, осы айдан бастап әлеуметтік төлемақылар артып жатса, ел аумағындағы халықты жұмыспен қамту орталықтары қайта құрылымдалып, сала мамандары жаңа жүйеге қол жеткізуде. Анығын айтқанда, мемлекетімізде «Әлеуметтік кодекстің» күшіне енуіне орай жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек мобильдігі» орталықтары болып қайта құрылуда.
Негізінен, мамандандырылған орталықтар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда жұмысын бастайды. Арнайы мекеменің филиалдары «Мансап орталығы» деген атаумен халыққа қызмет көрсетеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел аумағында 207 жұмыспен қамту орталығы бар. Сол қатардағы Сырдария ауданы бойынша бұрынғы халықты жұмыспен қамту орталығы да қайта құрылымдалып, «Мансап орталығына» айналуда. Айта кетейік, «Еңбек мобильдігі» орталықтары «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңы бойынша бірқатар жұмыс жүргізілуге құзіреттілік алады. Арнайы орталық «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын жүзеге асырады.
Ауданда 2023 жылдың 1 маусымына дейін «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 36 адам грант алған.
«Әлеуметтік жұмыс орындарына» 32, «Жастар тәжірибесіне» 28, «Қоғамдық жұмыстарға» 772, «Алғашқы жұмыс орындарына» 2, «Ұрпақтар сабақтастығы» бойынша 1 және «Күміс жас» бойынша 44 адам жұмыспен қамтылған.
– Әлеуметтік сала құрылымы ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Биыл 1 шілдеден бастап мекеменің атауы мен құрылымы жаңарда. Енді кейбір аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарайтын қызметтер облыс орталығы арқылы атқарылады. Жалпы, орталықта 13 адам қызмет етеді, – дейді сала басшысы Еркебұлан Дәуітбекұлы.