Kyzylorda-news.kz. Іңкәрдария ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің биылғы бірінші көшпелі отырысы өтті. Кеңеске дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері және жастармен жұмыс жасайтын арнайы мамандар қатысты. Сондай-ақ, жастар өкілдері де келді.

Көшпелі кеңес отырысының күн тәртібі бойынша үш хабарлама тыңдалды. Ең алдымен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов NEET санатындағы жастарды анықтау әдістемесі бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Аудандағы жастар санына қатысты сандық деректермен бөліскен орталық басшысы NEET санатындағы жастар және оларға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

– Ауданымыздағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында және оларды жұмыспен қамту бағытында аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ауданға қарасты алты ауылдық округінен (Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағамбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл) жастар бригадаларын қайта құрып, олардың қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы жастар және пробация есебінде тұратын жастар жұмыс жасауда.Осы жастар бригадаларына 200-ге тарта жас тартылып, барлығына 60 гектар жер беріліп, 35 гектарына картоп дақылын және 25 гектарына бақша дақылдарын егуде. Жыл басында Сырдария ауданы бойынша республикалық база Отбасының цифрлық картасында анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, кәсібін ашуға грант немесе кредит беру жұмыстарын жүргізу үшін NEET санатындағы 275 жастың тізімі келді. Алайда тізімдегі 275 азаматты тексеру барысында көптеген жастар Отбасының цифрлық картасы тізімнен алынды. Олардың ішінде қазіргі таңда 15 жас ғана NЕЕТ санатындағы жастар қатарында болып отыр. Бұл цифрды да жою жоспарда бар. Аудан бойынша жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,3% болса, жыл аяғына дейін 3,9 %-ға төмендету көзделуде. Алдағы уақытта жастар мәселелері бойынша жылдық жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарыла беретін болады, – деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.

Одан кейін екінші кезекті мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева баяндама жасады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол сұғушылықтың алдын алу бағытында және бала тәрбиесі туралы сөз қозғап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

– Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі десек, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – елге ие болатын білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта ағымдағы жылы ата-аналармен жұмыстарды күшейту, ата-аналар комитетінің, әкелер кеңесінің беделін арттыру, ата-аналар институтын құру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен ауданда білім беру қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өткізілді. Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп және ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін мектеп пен ата-ананың өзара іс-қимылының жаңа «Оқушы – мектеп–ата-ана» өзара ықпалдастығымен жұмыстар жасалуда. Мектепішілік есептегі балалармен сынып жетекшілер мен педагог-психологтар жекелей жұмыстар жасаса, жүріс-тұрыстары қатаң бақылауға алынып, ата-аналарымен тікелей байланыс орнатылған. Суицидтің алдын алу мақсатында оқушылардан сауалнама  алу жұмыстары жүргізіліп келеді, – деді Л.Мығымбаева.

Одан кейін аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі А.Оспанов Жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстылық пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндамасымен таныстырып өтті.
Жиын соңында өзара сұрақ-жауап пен пікір алмасу сәті болды. Кеңесте жастарға қатысты мәселелер көтеріліп, шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына арнайы тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев Іңкәрдария ауылдық округіне іссапары барысында «Қамқор» еріктілер штабының мүшелерімен кездесіп, алдағы жоспарларымен танысты.

Тағы да оқыңыз: