Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаевтың қатысуымен өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, рухани-танымдық әлеуетін дамытуға бағытталған «Кітап оқы да, кемелден!» атты дәстүрлі көркем әдебиет оқу байқауының ашылу жиыны өтті. Жиынға Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Нұрмат Мансұр, Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Айгүл Есенқызы, аудандық кітапхана жүйесінің қызметкерлері және сала мамандары қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қатысты бастамаларына тоқталып, кітап – ұлттың рухани дамуы мен зияткерлік әлеуетін арттыратын басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
– Кітап – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына, баға жетпес байлық. Кітап – тек білімнің ғана емес, адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесінің жиынтығы, тарихтың шынайы куәсі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Ауданымызда кітап оқуға байланысты жақсы үрдіс қалыптасты. Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бұған дейін 3 рет «Кітап оқы да, тұлға бол» байқауы өткізілген болатын. Бұл байқауға аудандағы жомарт жандар демеушілік жасап, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге үлес қосты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Сондықтан сарқылмас қазына – саналы ұрпақ өсірудің, ел болашағын кемел етудің кепілі саналады, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Кездесу барысында Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Нұрмат Мансұр кітаптың тарихи-танымдық, тәрбиелік маңызы туралы ой-пікірін ортаға салса, Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Айгүл Есенқызы кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

