Kyzylorda-news.kz. Бірнеше жылдан бері Тереңөзек кенті әкімдігі төрт түлік малының көшеде жүруіне байланысты жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келгені рас. Арнайы рейд ұйымдастырылып, көпшілікке шара қолднылғанымен, қоғамдық орындарда бей-берекет мал жүруі азаяр емес. Өткен аптада Сырдария аудандық Қоғамдық кеңе-сінің мүшелері Тереңөзек кенті әкімдігімен бірлесіп, төрт түлік малдың бей-берекет жүруін болдырмау мақсатында бірнеше көше тұрғындарымен жүздескен болатын.
Іс-шараға Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов, кеңес мүшелері Мұса Келдібаев, Сансызбай Сәдуақасов, Шаһарбек Нұрсейітов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара аясында мал иелеріне ауданның негізгі көшелерінде, қоғамдық орындарда жүрген малдарға санитарлық тазалыққа кері әсе¬рін тигізгені үшін салынатын айыппұлдар туралы ақпарат берілді. Бұл ретте, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров малды өріске айдап, өрістен күтіп алуды, сондай-ақ пада ұйым¬дастыруды жолға қою керектігін жеткізді.
– Шын мәнінде, Тереңөзек кенті күннен-күнге көркейіп келеді. Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, кент көркіне сән беріледі. Негізінен, әрбір тұрғын мал баққаннан кейін жауакершілікті сезінуі тиіс. Себебі, таңертеңнен тазалық сақ-шылары көшелерді күл-қоқыстан арылтады. Әрбір қызметкердің еңбегін бағалап, төрт түлік малымызды уақытылы өріске айдап, уақытылы күтіп алғанымыз жөн. Әйтпесе, автокөліктердің қозғалысына малдың кедергі келтіретінін бай¬қап жүрміз. Қай кезде де тәртіп барлығымызға бірдей. Заң алдында жауап беруге келгенде қашқақтайтын жандар баршылық. Дегенмен, малымызға иелік етіп, пада ұйымдастыру үшін барынша жұмыс жасауымыз керек, – деді Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов аталған мәселеге байланысты пікір білдірді.
– Өздеріңіз білесіздер, біздің кентте қараусыз малдың көшеге шығып кететін жағдайы кездесіп жатады. Мал иелеріне аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесі мен кент әкімі және аудандық полиция бөлімі мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертулер жасадық. Құрметті кент тұрғындары Тереңөзек кентінің тазалығына немқұрайлы қарамағанымыз дұрыс. Жауапкершілік барын естен шығармаған абзал. Тереңөзек кенті –бәріміздің ортақ мекеніміз саналады. Сонымен қатар аудан орталығында көптеп жүретін төрт түлік малдар көлік қозғалысын тежейді. Бұл ретте, Тереңөзек кентінің тұрғындарын малдарын өріске таңертең жіберіп, кешкілік күтіп алғаны жөн, – деді облыстық мәслихат депутаты.
Расында, Тереңөзек кенті әкімдігі иесіз жүрген малдарды арнайы орындарға қамап, иесіне бірнеше мәрте айыппұл салса да, аталған мәселе күрделеніп отыр.