Kyzylorda-news.kz. Аудандық сотта осы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған баспасөз конференциясы өткізілген еді. Аталған баспасөз конференциясына аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов, БАҚ өкілі мен сот саласының мамандары қатысты.
Бұл ретте, аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов аудандық сотта осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Жалпы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, есепті кезеңде 42 адамға қатысты 28 қылмыстық іс қаралған. Айта кетерлігі, 27 адамға байланысты 16 іс бойынша үкім шығарылған. Ал 6 адам бойынша 5 іс тоқтатылған. Сонымен бірге 3 іс соттылығы бойынша жолданып, 4 тұлғаға қатысты 2 іс прокуратураға кері қайтарылған. Бұл ретте, 2 жекеше қаулы қабылданған. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында сотқа 205 талап қою және 3 іс түскен. Барлығы 141 азаматтық іс қаралған. Оның ішінде, 17 іс бойынша сот бұйрығы, 43 шешім қабылданып, 76 іс өндірістен тоқтатылған. Сонымен қатар 5 іс қараусыз қалдырылып, 2 жеке ұйғарым қабылданған. Өткен жылмен салыстырғанда түскен талап қою мен істердің саны 46-ға, яғни, қаралған істердің саны 11 іске көбейген. Аталған мерзімді уақытта соттың өндірісіне 101 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсіп, 1 іс өткен жылдан қалдыққа қалғандығы анықталды. Түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ішінде қос іс біріктіріліп 100 адамға байланысты осыншама іс қаралған.
Айта кету керек, 76 адамға әкімшілік жаза қолданылған. Және 24 адамға қатысты істер тоқтатылған. 10 жекеше қаулы қабылданған. Негізінен, татуласу тәртібімен 6 азаматтық іс, партисипативтік рәсім тәртібімен 1 азаматтық іс, медиаторлардың қатысуымен 69 азаматтық іс, әкімшілік құқық-бұзушылық туралы 16 іс, медиация тәртібімен 5 қылмыстық іс аяқталған. Барлық сот отырысы аудио-бейне жазба арқылы қаралған. Есепті мерзімде әкімшілік құқық бұзушылық туралы және қылмыстық істердің 100 пайызы электронды нұсқада түсіп, қаралғандығын жеткізгім келеді, – деді сот төрағасы.
Расында, сот саласының қызметі жанданып, жаңару үстінде. Өз кезегінде сот төрағасы аудандық соттың құрылымын, сала мамандарының жұмыс істеу тәртібін таныстырды. Сонымен бірге аудан бойынша жиі кездесетін мәселелерді көтерді.
– Шын мәнінде, аудан көлемінде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны азайды. Дегенмен, есірткі саудасына қатысы бар және сентетикалық өнімді сақтау жағдайлары алаңдатады. Ал көпшілік бөтеннің мүлігін ұрлауға қымсынбайтын болды. Қазіргі таңда 30-35 жас аралығындағы жастар ұрлық қылмысына жиі барады. Айта кетейік, азаматтық істер саны артып, отбасылық мәселені назарымыздан шығармау керектігіне көз жеткізіп келеміз. Аудан көлемінде жерге байланысты түткілді дүниелер бар. Некені бұзу тетіктеріне біршама өзгерістер енеді. Алдағы уақытта екі тарапты татуластыру – күн тәртібінен түспейді, – деді сот төрағасы.
Сонымен бірге, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов баспасөз конференциясында көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірін білдірдім.
– Қазіргі уақытта сот саласының мамандарының имиджін көтеру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек.
Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі. Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс. «Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. Апелляция институтын реформалау қажет. Істер бірінші сатыдағы сотқа қайтарылмай, нақты мән-маңызы бойынша шешім шығарылуы керек деген болатын. Жалпы, аудандық сот ұжымы Жолдаудан туындайтын мәселелерді орындауды басты назарға алып отыр. Шын мәнінде, отбасылық мәселелер назардан тыс қалмау керек. Жас отбасылардың көптеп ажырасуы ойлаңтады. Екі ортада бала зардап шегетінін көпшілік сезіне білмейді. Бұл ретте, екі тарапты татулыстыру маңызды рөл ойнайтындығын сезініп отырымыз, – деді бөлім басшысы.
Баспасөз конференциясын қорытындылаған сот төрағасы Р.Алдамбергенов қатысушыларға алғысын білдіріп, БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.