Kyzylorda-news.kz. Бүгін Астана күні мерекесін атап өту іс-шаралары аясында және "Есірткісіз аймақ" жобасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, Сырдария ауданының орталық алаңында аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық аурухана, аудандық мәдениет және спорт бөлімі мен аудандық спорт клубының бірлесе ұйымдастыруымен «Жеңімпаз бол» денсаулық фестивалі өткізілген болатын.
Аталған фестивальде дәрігерлер қабылдауы өтіп, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Спорттық сайыстың кермеге (турникке) тартылу, 100 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру түрінен аудан жастары өзара бақ сынап, мықтылары тартысты доданың жеңімпаздары атанды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов пен аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар беріп, дипломдар табыстады. Денсаулық фестиваліне "Айша" асханасы, "Kent такси" жеке кәсіпкерлігі, "Making" фаст-фуд орталығы серіктес атанып, қолдау жасады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жас достар! Өздеріңіздің денсаулықтарыңызды күтіп, жиі спортпен шұғылдануға шақырамыз. Бүгін жарысты ұйымдастыруға септігін тгізген барлық қолдаушыларға алғыс айта отырып, отбастарына амандық, дендеріне саулық, кәсіптеріне береке тілейміз, – деді Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов.