Kyzylorda-news.kz. Күн сайын дүкен сөрелерінде азық-түлік бағасының өсімін қарапайым тұтынушы анық байқайды. Бұл жөнінде ел Президенті Үкіметке әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалау, негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан аймақ басшысы Сыр өңіріндегі баға үнемі бақылауда болуын қадағалап, бақылауға алған.
Осы орайда Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында және азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауын болдырмау үшін ауданда құрылған жұмысшы топқа нақты тапсырма беріп, сауда орындарына үнемі мониторинг жүргізу, бағаны бақылауды ұстау қажеттігін тапсырды.
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан орталығындағы сауда дүкендерін аралап, азық-түлік бағасының тұрақтылығына бақылау жасады. Ең алдымен кенттегі ірі сауда орталығы "Серікбол" дүкенінде болып, дүкен иесі Мәдина Омарова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары жайында айтып берді.
Азық-түлік бағасының өсуі – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін негізгі фактор болғандықтан, азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан аудан тұрғындары үшін сапалы қызмет көрсетіп отырған ірі сауда орталығы болған соң, дүкендегі азық-түлік бағасы да тұрғындарға тиімді, әрі қолжетімді болуы тиіс, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауда ұстау үшін құрылған арнайы жұмысшы топ кәсіпкерлерге тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде дүкендерде азық-түлік бағасының негізсіз өсімі орын алмаған.
Тұтынушыларымызға күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері әсіресе, сүт-май, қант, нан, көкөніс, макарон бағасы тұрақты. Қазір сатып алушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Азық-түліктің сан алуан түрі біздің дүкеннен табылады. Сұранысқа сай көкөніс пен жеміс жидек күнделікті жеткізіліп тұрады, – дейді "Серікбол" сауда орталығының иесі Мәдина Омарова.
Айту керек, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында үш мәрте жәрмеңке өткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылды.
Сондай-ақ, аудан орталығында орналасқан сауда үйлерінің қоймаларында бүгінгі күнге қолда бар азық-түлік өнімдерінің қоры 123 тоннаны құрайды.