Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудандағы белсенді азаматтарды марапаттады.
20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған аудан халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді.
Сырдария ауданында мызғымас бірліктің, тату-тәтті тірліктің, қазақы болмыс пен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 93,23 пайызды құрады. Осылайша, Сырдария ауданы үздіктер қатарынан көрініп, облыс бойынша бірінші орынға тұрақтады.
Биылғы жылдың 1 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен мамандарды Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы «Алғыс хатымен» және «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан жерлестерді марапаттады.
Бүгінгі басқосуда ел келешегін айқындайтын маңызды саяси науқанға және ауданда жыл көлемінде «Birge - taza Qazaqstan» экологиялық акциясына белсенді қатысқан азаматтар марапатталды.
Ауданда жыл көлемінде «Birge - taza Qazaqstan» акциясы аясында тұрақты түрде жалпы халықтық сенбіліктер өткізілді.
Сенбіліктерге барлық мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындарының белсене қатысуының нәтижесінде, ауданның санитарлық тазалығы аудан тұрғындарымен қонақтары тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Айта кетейік, биылғы жылы Сырдария ауданында санитарлық тазалық жұмыстарына жергілікті бюджеттен 53 641,9 мың теңге қаржы бөлінсе, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 44 434,1 мың теңге қаражат қаралды.

