Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария аудандық мәдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының қатысуымен «Жетістікке жетелейтін - Жаңа Қазақстан» атты аудан жастарының дәстүрлі ХIV форумы өтті.
Іс-шара аясында «Білім ордасындағы жас ғалымдардың рөлі» атты жас ғалымдар көрмесі ұйымдастырылады.
Жастар бригадаларының жұмыстарын күшейту мақсатында ауыл әкімдері мен шаруа қожалығы арасындағы екі жақты меморандумға қол қою рәсімі мен үздік жастардың қатысуымен патриоттық акцияға жалғасты.
Мұнан соң аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған жастар театрының «Волонтер» қойылымы көрсетіліп, «Біз біргеміз» әні шырқалды.
Форумда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев барлық жастарды бүгінгі қуанышты күнімен құттықтап, ауданымызда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда, жан –жақты дамытуға елеулі еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жастарды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Е.Қошановтың және облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда айрықша жетістіктерге жеткен, елеулі еңбек етіп, аудан көлемінде жастар саясатын жан–жақты дамытуға үлес қосып жүрген ауданымыздың 10 жасына аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы мен статуетка және 100 000 теңге қаржылай сертификаты табысталды.
Форум қонағы облыстық жастар ресурстық орталығы директоры Т.Тілес аудандағы бірқатар белсенді жастарды марапаттап, белсенді болуға шақырды.

