Kyzylorda-news.kz.  Бүгін Сырдария ауданында «6 шілде – Астана күні» мерекесіне орай іс-шара өтті. Аталған Іс-шараға  аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихатының төрағасы Ержан Әжікенов аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, белсенді жастар, аудан тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтау сөз сөйлеп, айбынды Астананың 25 жылдығы еліміз үшін қуанышты мейрам екенін атап өтті.

– Құрметті сырдариялықтар, қадірлі жерлестер Сіздерді Елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Егемен еліміздің бас қаласының құрметіне белгіленген бұл мереке әрбіріміз үшін ерекше ыстық. Биыл Астанаға 25 жыл! Осы уақытта абыройы асқақ шаһар Қазақстан халқының рухани өрлеуінің тірегіне, бірлігі мен ынтымағының белгісіне, еліміздің жасампаз жеңістерінің көрінісіне және қазақстандық арманның іске асуының айқын дәлеліне айналды. Астана – Азаттық пен Тәуелсіздіктің символы, елдің, халықтың, қоғамның жаңа тарихының бастауы. 1997 жылы қабылданған тарихи және тағдырлы шешім Сарыарқадағы әсем қаланың салынуына негіз болды.Бүгінде еліміздің бас қаласы – әлемдегі ең жас елорданың қатарында. Бұл шаһар көптеген елдерден ағылған саяхатшыларды өзіне тартып, аз уақыт ішінде ірі халықаралық іс-шаралар мен маңызды оқиғалар өтетін орталыққа айналды. Бас қаланың сәулет өрнектерінде және бейбітшілік сүйгіш рухында Шығыс пен Батыстың ғасырлар бойғы дәстүрлері өрілген шығыс пен батыстың, қазақ халқының мәдени және рухани байлығы үйлесім тапқан. Сондықтан да сәні мен сәулеті жарасқан елордаға «Бейбітшілік пен келісім қаласы» атағы берілді. Ардақты ағайын баршаңызды жарқын мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Елордамыз халқымыздың берекелі бірлігінің, еліміздегі бейбітшілік мен келісімнің белгісі бола берсін! Астанамыз гүлденіп, өркендей берсін, – деді аудан әкімі.

Іс-шара барысында қазіргі таңда жемісті жұмыс жасап жүрген бірқатар мамандар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.


– Барша сырдариялықтарды Астана күні мерекесімен құттықтаймын! Елдігімізді айшықтайтын  елордамыз күннен-күнге ерекше өркендеп келеді. Биыл еліміздің бас қаласы – Астананың құрылғанына ширек ғасыр уақыт толып отыр. Осы уақыт аралығында Елорда еңсе тіктеп, әлем астаналарымен иық тіресетіндей жағ¬дайға жетті. Соның нәтижесінде әсем қала атанып, осыдан 11 жыл бұрын елордамыз ТМД мен Түркі әлемінің астанасы болып жарияланды. Біз Сарыарқа төрінде орналасқан әсем қаламызбен мақтанамыз, – облыстиық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов. 

Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер айтылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары кешті әсем әнге бөлеп, аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Тағы да оқыңыз: