Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік атанып, көш бастаған Сырдария ауданы биыл 35692 гектар жерге егін еккені мәлім. Сырдың негізгі дақыл күріш – 23500 гектарды құрайды. Сондай-ақ қалған 12192 гектарға жаздық бидай, жүгері, жоңышқа мен мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары құнарлы жерге орналастырылған. Бұларға әдеттегідей шаруашылық құрылымдарындағы ақ егісті де қосуға болады. Қазір уақытта Сырдария ауданында күріштің бірнеше сорты толықтай себіліп, суға бастырылған.
Былтыр барлық ауданда да су тапшылығы шаруаларға қиындық туғызды. Осыған байланысты ауқымды жұмыс атқарылғаны жасырын емес. Былтыр Сырдария ауданында бюджеттен 198 млн теңге бөлініп, алты каналдың 56 шақырымнан астамы тазартылған болатын. Қосымша 19 су насосы алынғаны мәлім. Соның нәтижесі болар, диқандар жоғары өнім жинады.
Осы жылы да аталған жұмыстар тоқтаған емес. Екі каналды тазартуға және 4 су насосын алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін айта кетейік. Қазір Тереңөзек кентіне екі электрлі, А.Тоқмағанбетов ауылдық округіне екі дизельді насос қондырғысы жеткізілгені мәлім.
Осыдан төрт жыл бұрын Сырдариядағы аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастардың еңбек бригадалары құрылып, өз жұмыстарын бастағанын жақсы біулеміз. Қазір аудан әкімдігінің қолдауымен Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінде құрылған талаптылар қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратындар еңбек етіп жүргені көңілге медеу сыйлайды.
Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін былтыр аудан басшылығы 210 гектар қосымша жер ашып берсе, биыл оған 105 гектар қосылып, барлығы 315 гектар жерге бақша егу жоспарланған секілді. Осы күні 359 гектар жер дайындалған болатын, Тереңөзек кенті мен ауылдық округтер бойынша 1100-ден астам адам егін егумен айналысуда.
Негізінен, Сырдария ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жәрмеңке тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бағасы да базардан 10-15 пайыз төмен. Сондай-ақ биыл «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Тереңөзек кентінде екі әлеуметтік дүкен ашылғандығын айта кетейік.