Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде орналасқан «Руханият орталығы» ғимаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Аталған семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Мақсұт Нәлібаев, сондай-ақ жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, аудандық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Семинар барысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің гибридтік модельін енгізу қағидаттары түсіндірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшылары арасында қызметтік және ішкі мәдениетті қалыптастыру, қоғам тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасындағы қарым-қатынас мәдениетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Барлық мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау, сыбайластыққа төзбеушілік қағидаттарын орнықтыру, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету, «Е-қызмет» сыртқы порталы арқылы мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндіктері, сондай-ақ білікті мамандарды жеке сектордан мемлекеттік қызметке тарту жолдары мен біліктілік талаптары жан-жақты талқыланды.
Семинар қорытындысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру - мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен қоғам сенімін арттырудың маңызды тетігі екендігін атап өтті.

