Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлымен бірге аудан аумағындағы сумен қамту бағытында қызмет көрсететін су шаруашылығы мекемесінің жұмысымен танысты.
Жұмыс барысында аудан әкімі су шаруашылығы саласының қазіргі жағдайына, суару жүйелерінің дайындығына және көрсетіліп жатқан қызмет сапасына ерекше назар аударды.
– Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді басқару, көктемгі қар суын жинақтап, оны ауыл шаруашылығы мақсатында ұтымды пайдалану су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыты екенін атап өткен болатын. Осыған орай, суармалы сумен қамтамасыз ету жағдайын жан-жақты пысықтап, алдағы суару маусымында су тапшылығының алдын алу үшін суару жүйелерінің жұмысын толық тексеру, анықталған ақауларды дер кезінде жою және ауылдық округтерде судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы мекеме қызметімен танысып, материалдық-техникалық базаның жай-күйіне, мамандардың жұмыс сапасына назар аударды. Қазіргі таңда су шаруашылығы мекемесінде 71 қызметкер еңбек етуде.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі сапалы түрде жалғастыру қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
