Kyzylorda-news.kz. Кез келген адам өз меншігіндегі жерді көзінің қарашығындай қорғайды. Қазіргі уақытта елімізде жер мәселесіне аса көңіл бөлініп келеді. Мақсатты түрде пайдаланған жерлерді заң аясында қорғау әрбір адамның өзіндік мүддесіне кіреді. Жалпы, жер мәселесіне байланысты кез келген мәселелерді, іс-әрекеттерді жүзеге асыратын арнайы бөлім бар екені жасырын емес. Жақында құрылымдық жағынан өзгеріске енген ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабековпен жер саласына қатысты атқарылған жұмыстар жөнінде сұқбаттасқан едік.
– Нұрбол Баянәліұлы, аудан бойынша қамтылатын жер көлемі мен бөлімнің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Сырдария ауданының жер қоры 4 260 635 гектарды құрап отыр. Оның ішінде, ауданның негізгі әкімшілік аумағының көлемі – 2 904 533 гектар болса, 1 356 102 гектарын Ұлытау облысы, Ұлытау ауданынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған жерлер құрайды. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 386 513 гектар, елді мекен жерлері 5191 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 151 272 гектар, орман қорының жері 481 711 гектар, су қорының жері 18 610 гектар, босалқы жерлер 3 217 339 гектар болып табылады.
Негізінен, бөлімге келіп түскен өтініштің саны – 202. Оның ішінде, жеке тұлғалардан – 147, заңды тұлғалардан – 35 өтініш екенін айта кетейін. Жеке қабылдау бойынша 20 өтінім түсіп, уақытылы жауап хаттар жолданды. Бөлім мен жер пайдаланушылар арасында жасалған шарттар бойынша 530 шарт жасалды. Шарттардың ішінде, 303 101 коды бойынша елді мекен жерлерінен жер учаскесін алған азаматтармен жыл басынан бері 6 681 198 теңгеге жасалған жер учаскесін сатып алу-сату шартының саны – 57, жер учаскесін жалға беру өтеулі, өтеусіз шарттары саны – 323. және жер учаскесін жалға беру шарттарына қосымшашарттар саны – 150 шарт жасалды. Жер қатынастарына байланысты аудан әкімдігі тарапынан қабылданған қаулылардың жобаларын әзірлеу бойынша бөлім тарапынан аудан әкімдігі қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға жаңадан барлығы - 55 жер учаскелері табысталды.
– Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– ҚР «Мемлекеттік қызмет көрсету» Заңына сәйкес 2022 жылдың 12 айында мемлекеттік қызмет стандарттары бойынша 2 122 қызмет түрі көрсетілді. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет түрлеріне тоқталатын болсам, жерге орналастыру жобаларын бекіту негізінде 357, іздестіру жұмыстарына рұқсат беру негізінде 4, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту негізінде 4, Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру негізінде 5, Сауда-саттықты талап етпейтін жер учаскелеріне құқықтар беру негезінде 363, елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру негізінде 50, жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау негізінде 6, Бүлінген жерлерді қалпына келтіру яғни, рекультивация негізінде 1, Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату бойынша 40, Тереңөзек кенті бойынша жер учаскесін алу үшін кезекке қою бойынша 1292 болып табылады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы бұйрығы күшіне енгеннен кейін сала бойынша енгізілген өзгерістер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуші мемлекеттік қызметкерлерге арнайы "Зум" қосымшасы арқылы онлайн режимде кент және ауылдық округі әкімі аппараттарының жетекші мамандарына құқықтық оқулар оқытылып, қазіргі таңда халыққа электронды үкімет порталы арқылы сапалы қызмет көрсетілуде.
Бұған қоса, бөлімнің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жыл басынан бері онлайн жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, жер пайдаланушылар назарына кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тиімді мақсатына сәйкес пайдалану бойынша мақалалар жариялануда. Биылғы жылы жалпы көлемі 15 гектар болатын «үй-жайларға құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін» табысталатын 23 учаске бойынша ауданға қарасты елді мекен жерлерінен «E-qazyna» ҚР мемлекеттік мүліктер тізілімінде сауда-саттыққа (аукционға) шығарылып, құны 3 284 717.47 теңгені құрайтын 17 жер учаскесі жеке тұлғаларға сатылды.
– Пайданылмаған кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелері бойынша жұмыстар қалай жүзеге асырылуда?
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 05 мамырдағы №194 бұйрығымен бекітілген тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтау қағидаларын негізге ала отырып, аудан аумағындағы жер учаскелері тиісті мақсаттарда пайдаланылмаған, құрылысы аяқталмаған нысандар бойынша анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 15 кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелері анықталып, ҚР Жер кодексінің 65,92-баптары талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шараларды қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Нәтижесінде, 4 жер учаскесінің меншік иелеріне заң бұзушылықтарды жою туралы 1 жылға нұсқама берілді. 5 жер учаскесі бойынша нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншік құқығына рәсімделгендіктен және 2 жер учаскесінің табысталғанына 3 жыл мерзім толмағандықтан жоспардан тыс тексеру жұмыстарына негіз жоқ екендігі хабарланды. Қалған 4 жер учаскесі бойынша мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттар жүйесі базасында қате енгізілгендіктен, қайта нақтылау жұмыстары жүргізілуде.
Шын мәнінде, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мен нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып пайдаланылған жерлер бойынша жұмыстар жұмыстар жүргізіп келеміз. 2022 жылдың 12 айында аудан бойынша жалпы көлемі – 16631,1 гектар құрайтын 25 учаске меншік иелерінің өз өтініштеріне сәйкес және пайдалану мерзімі аяқталған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі – 83 671 гектарды құрайтын 278жер учаскесі бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне тиісті нұсқама және мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жолданды.
Бұған қоса, Сырдария ауданы бойынша жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау нәтижесімен анықталған пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша Алгоритмге сәйкес 202 инцидент карточкалары «JerInspectr» платформасы арқылы келіп түсті. Нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланып, төрт-түлік малын ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркеткен және меншік иелері ауысқан 78 жер пайдаланушылар бойынша мәліметтер "Қазғарыш" ұлттық компаниясы акционерлiк қоғамына қайтарылса, мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан 124 жер учаскелері тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Нәтижесінде, меншік иелері мен жер пайдаланушыларға 1 жылға ескерту ретінде нұсқау берілді. Тиісті жұмыстар ағымдағы жылдың 20 қарашасында аяқталды. Алайда, «JerInspectr» платформасы бөлім қызметкерлерімен үнемі бақылауға алынған.
– Аудан тұрғындарына қанша жер табысталды? Сонымен бірге бөлім құзіретіне кіретін басқа қызмет түрлерін айта кетсеңіз.
Аудан бойынша жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсатында айналымына енгізу жұмыстары бойынша 2022 жылы сауда-саттық конкурс арқылы жалпы көлемі – 1319,4 гектарды құрайтын жер учаскесі ауданның босалқы жерлері санатынан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып, биылғы жарты жылдықта жалпы көлемі – 1358 гектар болатын 15 жайылымдық жер учаскесі конкурс негізінде жеке тұлғаларға табысталды. Сонымен қатар, ауданның босалқы жері санатынан жыл басынан бері аудан әкімдігінің қаулысымен шалғайдағы (маусымдық жайылымдар) мал шаруашылығы үшін 5 (бес) жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жалпы көлемі – 15 175,0 гектар және бау-бақша үшін 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жалпы көлемі – 2000,0 гектар жер учаскесін Жетікөл ауылдық округінен «Жетікөл Жер» ЖШС-не және 3 азаматқа жалпы көлемі – 3,0 гектар болатын жер учаскесі табысталған болатын. 2021 жылы аудан бойынша Қалжан ахун ауылдық округінде орналасқан жалпы көлемі - 20,0 гектар жер учаскесінен заңсыз карьер қазу фактісі анықталған болатын. Заңға сәйкес меншік иесі анықталып ҚР Жер Кодексінің 92,93,94 баптарының талаптарын, ҚР ӘҚБтК-нің 338, 802 баптарын басшылыққа ала отырып, тиісті дәлелді құжаттарымен Қызылорда облысы бойынша экология департаментіне бөлім тарапынан арнайы ұсыныс жолданған болатын. Қазіргі таңда, тиісті меншік иесімен сот тәртібінде аппелициялық сатыда қаралып, аяқталды. Қазіргі күні, аталған жер учаскесі бойынша іс ҚР Жоғарғы Соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында кассациялық сатыда қаралуда. Одан бөлек, Тереңөзек кенті "Узтоп" елді мекенінен жер қойнауын заңсыз пайдаланып, қазба жұмыстарын жүргізген азамат бойынша бөлім тарапынан Қызылорда облысы бойынша экология департаментіне тиісті шараларды қолдану бойынша арнайы ұсыныс жолданды. Нәтижесінде, атлаған азаматқа ӘҚБтК-нің 139 бабының 1 бөлігі бойынша жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 114 000теңге мөлшерінде айыппұл төлеу әкімшілік жазасы қолданылды. Қазіргі таңда, жер учаскелерін заңсыз қазу фактілерін анықтау жұмыстары жүргізу бөлім тарапынан жалғасуда. Нәтижесінде, бүгінгі күні Сырдария ауданы, Қызылорда-Құмкөл автожолы бойында орналасқан 5 (бес) жылға табысталған жер учаскесінде заңсыз карьер қазу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы анықталды. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарын, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін басшылыққа ала отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсаты бойынша пайдаланбай отырған жеке тұлғаның жер учаскесіне қатысты құжаттарын жинақтап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, әкімшілік жазалау шарасын қолдану жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Тиісті жұмыстар жүргізілуде Атқарылған жұмыстар бойынша «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланды.
Ауыспалы егіс тәртібінің ротация сақталуын бақылау жұмыстары бойынша аудан әкімінің 2022 жылғы 24 маусымдағы «Сырдария ауданы бойынша ауыспалы егіс тәртібінің ротация сақталуын бақылау жөніндегі аудандық жұмысшы тобын құру туралы» №167 өкіміне сәйкес, қыркүйек айында ауыл шаруашылығы мақсатындағы, оның ішінде, агроқұрылымдармен инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестірудің белгіленген схемасын ротация ұстану мәселесі бойынша жерді пайдалану мен қорғау мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында ауданға қарасты ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының егістік алқабына аралау жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, «Шаған Жер» ЖШС-і тарапынан инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлерде дақылдарды кезектестіру ротациялау схемасының бұзылғандығы анықталды. Сонымен бірге бірнеше шаруашылық жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп отырғаны белгіленді. Яғни, аталған серіктестіктердің әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер жинақталып, ауыспалы егіс тәртібінің ротация сақталуын бақылау жөніндегі зерттеу жұмыстарының актісі толтырлып, департаментке жолданды. Қазіргі таңда, департамент тарапынан серіктестіктерге жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жылы ауданымызда есірткі алқаптары анықталды ма?
– 2022 жылы аудан аумағынан есірткі алқаптары анықталған жер учаскелері бойынша «Қарасора-2022» іс-шара жоспарына сәйкес аудандық полиция бөлімінің анықтауымен аудан бойынша барлығы - 9 есірткі алқабы табылды.
Жоғарыда аталған есірткі алқаптары бойынша нақты орналасқан жерін және оның меншік иесін анықтау аудандық полиция бөлімі тарапынан хабарланып, аудандық жер қатынастары бөлімімен зерттеу жұмыстары GPS құрылғысымен жер учаскелерінің координаттарын алу, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен тексеру және басқа да жұмыстар жүргізілді. Анықталған есірткі алқаптары бойынша мәліметтер жинақталып, жер пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарына сәйкес тиісті шара қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
