Kyzylorda-news.kz. 12 қараша күні сырдариялықтар күрек-тырма, сыпырғысын алып, жалпыаудандық сенбілікке шықты.
Оған аудан көлемінде қызмет атқаратын барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер, коммуналдық сала қызметкерлері қатысты.
Тазалық жұмыстарына атсалысқан барша қызметкерлер арықтарды тазалап, жаяу жүргіншілер жолын сыпырып, қоқыстарды шығарды. Тереңөзек кенті бойынша Ғ.Мұратбаев, Д.Керейтбаев, О.Мәлібаев, Қ.Қазантаев, Қызылорда-Жалағаш автожолының бойы және де білім мен денсаулық саласының ғимараттарының ауласы тазартылды.
Бүгінде сенбілікке шығу апта сайынғы үйреншікті дәстүрге айналды. Бұл – туған жерін, туған ауылын, ауласын жақсы көретін адамға оны іспен дәлелдеудің тамаша мүмкіндігі болды. Сенбілік – ауданның сәулеті мен сәнін арттыратын, тазалығы мен тәртібін түзейтін ерекше үрдіс. Таза ауа, таза су, таза орта деген дүниенің өзі адамның ішкі тазалығынан туындайды. Сондықтан оған әр тұрғын белсене атсалысуы қажет.
Сенбілік барасында Д.Керейтбаев көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізген аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау, Қазсушар аудандық учаскесі, аудандық ветстанция мекемелері, Қ.Қазантаев көшесінде арықтар мен жол жиектерін тазалаған аудандық кірістер басқармасы мен қазынашылық басқармасы тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі мен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері тазалық жұмыстарына ерекше ынтамен қатысып, үлгілі жұмысты көрсетті.
Жалпыаудандық сенбіліктің мақсаты – аудан көшелерінің тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

