Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентіндегі спорт клуб ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев танысты. Өз кезегінде құрылыс жұмыстарының барысын аудан басшысына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық мәдениет жәнее спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев, аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов айтып берді.

Аталған ғимарат 1976 жылы салынған. Сол уақыттан бері ішінара жөндеу көрсе де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Биыл облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Мердігер «Жылу - ХХІ» ЖШС-і, жоба құны 89 млн.теңге. Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қыркүйек айы деп күтілуде.

– Бұл ғимараттың негізгі құрылысының сапасы өте жоғары. Соған сай күрделі жөндеу жұмыстарын да сапалы жүргізілуі қажет. Бұған дейін кабинеттердің жетіспеушілігі, спортшыларға арналған жуыну бөлмесінің болмауы секілді мәселелер көтерілген. Қазір ғимараттың жөндеу жобасына қажетті кабинеттер мен спорт үйірмелеріне арналған барлық қажеттіліктерді қосып отырмыз. Негізгі көтерілген мәселелер бойынша техникалық кеңесте өткізілді. Аудан орталығындағы тұрғындарға арналған ең қажетті нысан болады деген жоспарымыз бар. Негізінен, спорт клуб ұжымы балаларды спортқа баулып, жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенім басым, – деді аудан басшысы.

Жалпы аудандық спорт клубта 13 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар аудан бойынша 800-ден аса жасөспірімді спортқа баулуда. Бүгінде ауыр атлетика, жеңіл атлетика, ережесіз жекпе-жек, қол күрес, гір көтеру, тоғызқұмалақ, волейбол секілді спорт түрлерінен жасөспірімдер жаттығып, түрлі жарыстарға қатысуда.

Тағы да оқыңыз: