Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Б.Сәрменбаев халықпен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың есебін беріп, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады. Аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуі Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді елді мекендерінде өтті.
Ауыл халқымен кездесулерге облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Еспенбетов, аудандық құқық қорғау органдарының, дербес бөлімдер және коммуналдық сала басшылары қатысты. Аудан басшысының тұрғындармен кездесуі Айдарлы ауылынан басталды. Аудан басшысы биыл Айдарлы ауылдық округінде Қ.Сәтбаев, Ж.Досымбетұлы, А.Жиренов көшелеріне орташа жөндеу, «Қызылорда Айдарлы» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ ауылды аяқ сумен қамту мақсатында «Ақтам» каналының сағасындағы 400 метр қайыр қазылған. Ал елді мекендегі Досбол датқа көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Енді бұл жұмыстар алдағы уақытта «Пример Строй» ЖШС арқылы жүзеге асады. Аудан әкімі Жетікөл ауылындағы кездесуде де атқарылатын жұмыстардың есебін берді. Биыл ауылішілік Рахменше, П.Сахабаева, А.Көзейбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек ауылдық округтен екі «Тұрғын үй құрылысы үшін» жалпы көлемі 2000 шаршы метр жер учаскесі бес жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен табысталып, «Арион» ЖШС тарапынан екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарда тұр. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен отбасылар жаңа баспананың игілігін көрмек. Жетікөлден кейін Аманкелді ауылының халқы да елді мекенде жасалып жатқан жұмыстардың мәнжайын білді. Аудан басшысы ауылдағы М.Қалымбетов көшесі толық, А.Ағайдаров көшесінің 300 метрі, Қ.Баймағанбетов көшесінің 200 метрі, А.Жанкин көшесінің 120 метрі, О.Жалмұрзаев көшесінің 120 метрі, Т.Тышқанбаев–Қ.Баймағанбетов– Р.Мәзхожаев көшелерін қосатын жаңа жолдың 800 метрі жөнделетінін айтты. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Ақнұр» ЖШС іске асырады. Сондай-ақ ауылдағы А.Ағайдаров, Ж.Құлымбетов және А.Жанкин көшелерінің тозығы жеткен ауыз су құбырларын ауыстыруға жер учаскесінің алдын-ала таңдау актісі және жоба сметалық құжаттары әзірленіп, өткізілген. Кездесулерде ауыл тұрғындары елді мекендерді электрмен жабдықтау, ауылішілік жолдардың сапалы орындалуын және кестеге сәйкес, аяқсудың уақытылы берілу мәселелерін жеткізді. Аудан басшысы халықпен кездесулерде бала тәрбиесіне тоқталып, қоғам алдындағы жауапкершілікті тілге тиек етті. Оған қоса, ауыл тұрғындарын табысты арттыруға бағытталған елді мекендер мен шағын қалаларда жүзеге асырылатын, 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырды. Кездесулерден соң аудан әкімі елді мекен тұрғындарына жеке мәселелеріне қатысты қабылдау өткізді.