Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы ардагерлері мен ұжым қызметкерлерін арнайы қабылдады. Сондай-ақ Қазақстанның құрметті журналисі Мұхтар Сақтаповты арнайы барып мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. 

– Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген болатын. Сондықтан баспасөз – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті талап ететін сала. Аудандағы жалғыз басылым «Тіршілік тынысы» газеті редакциясында қажырлы қызмет еткен Мұхтар Сақтапов, Сергей Тоқсанбаев, Асқар Кіребаев, Мүсілім Қалмұратұлы, Сәуле Ерімбетова және басқа да қарымды қаламгерлер, елге белгілі аға буын өкілдері әркез құрмет төрінде. Сонымен бірге өз ісінің маманы болып өсіп келе жатқан жас журналистердің де еңбектері елеулі. Аудан көлемінде болып жатқан қоғамдық-саяси іс-шаралар мен игілікті істер үнемі газет бетінде жарық көруде. Ауданның тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқарып жүр және олар қашандақұрметке лайық. Сондықтан Сіздерге айтар алғысымыз шексіз, – деген аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Мерекелік қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев та әріптестерін мерекемен құттықтады. Қызмет жолында аудандық газетте корректорлық жұмыс атқарған ол бұрынғы кезеңдегі газет жұмысының ауыртпалығын атап көрсетті. Ол шақта жергілікті газет аптасына 3 рет халыққа тарайтын болған. Ал газеттің жарыққа шығуы қазіргідей заманауи технологияның арқасында емес, әріптер қорғасынмен басылып, бір газетті шығарудың машақаты көп болыпты. Міне, осыларды айтқан Мұса Алпысбайұлы газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

– Ертеректе аудандық басылым ұжымының жұмысы қауырт болатын. Қаншама қаламгерлер иық теңестіре еңбек ете білді. Негізінен, журналистика саласы  мәртебелі мамандық болғанымен, қиындығы мен қызығы қатар жүретіндігі мәлім. Өз басым іргелі ұжымның қатарынан табылып, баспасөз саласында қолтаңбам қалғаныма қуаныштымын. Қазіргі уақытта өткен уақыттарды сағынышпен еске аламыз. Өз кезегінде бүгінгі күні қалыптасқан редакция ұжымы қырық мыңға жуық халыққа қалтқысыз қызмет ете берсін, – деді Мұса Келдібаев.  

Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов құттықтау лебізін білдіріп, сала ардагері ардақты анасы Кеңескүл Жұмабаева редакцияда қызмет еткенін, сол себепті де ұжыммен әркез тығыз байланыста болып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ мерекелік қабылдауда сала ардагерлері Мүсілім Қалмұратұлы, Шаһарбек Нұрсейітов, Сәуле Сұлтанқызы да әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, ұсыныстарын жеткізді. 

– Менің бала кезімде баспасөз саласында еңбек еткен аға-апаларды құрмет көрсету – негізгі міндетім саналды. Себебі, анам осы мекемеде қызмет етті. Балалармен талай мәрте редакция мен баспаханаға келетін едік. Газеттің дайындару барысын өзіміздің көзімізбен көретін едік. Анамыз таңға жуық уақытта қайтатын еді. Әріптестерімен бірге газеттің сапалы шығуына  өзіндік үлес қосты. Анам қызмет еткен қарашаңырақты қашанда құрмет тұтамыз. Сала мамандарының жұымысын жоғары бағалаймыз, – деді облыстық мәслихат депупаты Жұмабек Ембергенов. 

Іс-шара қорытындысында аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қабылдаған аудан басшылығына алғыс білдірді. Ақын, сала ардагері Мұхтар Сақтапов та арнайы құттықтаған аудан басшысына алғысын жеткізді. 

– Маған көршілес аудандағы әріптестерім «Таралым санын қалай көбейттіңіздер?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл сұраққа жауап беру үшін көп ойланудың қажеті жоқ секілді. Біз газет тиражын арттыруды екі бағытқа, яғни жоспарлы және жоспардан тыс жұмыс ретінде қарастырдық. Жоспарлы жұмыс ресми мекемелер арқылы үйлестірілсе, жоспардан тыс жұмыс жанашырлықпен, іскерлікпен, келісіммен және ортақ мәмілеге келумен реттеледі. Мысалы, 2019 жылы Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің таралымы шаруа қожалықтарының қарызға жазылғанын қоса есептегенде небәрі 3094 дана болса, екі жылдың ішінде газет тиражы 853 данаға артып 3947 дана болды. Таралым санының артуы – біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі. Осы ретте, газет абыройының жоғарылауы бас редактордан бастап редакциядағы барлық қызметкердің кәсібилігіне, жан-жақтылығына тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. 
Ұжым жұмысын тиімді әрі ұтымды ұйымдастыру үшін мекеме қызметкерлерін марапатқа ұсынудың орны ерекше. «Уақытылы бағаланбаған еңбек – жаза» демекші әр қызметкердің еңбегін бағалап, ынталандырып отырған дұрыс. Өйткені, редакция – қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденістің ордасы. Сондықтан түрлі тақырыпта зерттеу жүргізіп, сала мамандарымен пікірлесіп, қоғамның өзекті мәселелері жөнінде сараптамалық мақала жазып жүрген тілшілерге ерекше құрмет көрсетуді назарда ұстаудың маңызы зор. Бұл ретте, ерекше құрмет көрсетіп,  аудандық басылымының төрге оздырған  аудан басшысына ерекше алғыс айтамыз, – дейді Ақтөре Ибрагимұлы.

 



 

Тағы да оқыңыз: