Kyzylorda-news.kz Облыстық ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес Сырдария аудандық «Руханият орталығында» 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай тағылымды іс-шара өтті.

«Ерліктің ерен тұлғасы» атты мерекелік концерттік бағдарлама Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыровқа құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында орталық алаңда мерекелік безендірулер жасалып, жас сарбаздарды Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Сонымен қатар, соғыс және еңбек ардагерлері, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей сынақ алаңында қызмет еткен азаматтар арнайы құрметпен қарсы алынды.

Руханият орталығы жанындағы музейде Ұлы Отан соғысына арналған тарихи көрме ұйымдастырылып, Яхия Тасыровтың өмір жолынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер үшін танымдық алаңдар мен әскери-патриоттық жарыстар өткізіліп, жастардың бойына отансүйгіштік рух дарытылды.

Тағылымды кеш барысында ардагермен «Сыр-сұхбат» кездесуі ұйымдастырылып, оның өмірі мен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.

Кештің негізгі бөлігі – мерекелік концерттік бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты жиында Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарды марапаттады.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлары Жұмабек Төлешұлы мен Күлай Ермағанбетқызы игі лебіздерін білдіріп,  соғыс ардагері Яхия Тасыровты «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі»  марапатын салтанатты түрде табыс етті. 

Сонымен қатар, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Бөгенбайұлы ізгі тілегін білдіріп, ардагерге деген құрметін жеткізді.

Кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдарының рухын бейнелейтін қойылымдар мен әсерлі өнер көрсетілімдері көрерменге ұсынылды.

Бұл тағылымды шара – ерлікке тағзым, батырларға құрмет көрсетудің жарқын көрінісі болды.

Тағы да оқыңыз: