Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында поэзия кеші ұйымдастырылды.

Тағылымды іс-шараға қатысқан сырбойылық ақындар мен сырдариялық жастар ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің есімі берілген ауылға бағыт алды. Ақындарды ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров пен ауылдағы №135 орта мектебінің директоры Нұрлан Құрманалиев күтіп алды. Білім ордасында арнайы әдеби сабақ ұйымдастырылды.

Мектептегі іс-шарадан кейін ауданға ат басын бұрған сырбойылық жас ақындар А.Тоқмағамбетов атындағы мұражаймен танысты. Мұражай жұмысымен өлкетанушы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбет таныстырып, тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кең көлемді мағлұматтармен бөлісті.

Мұнан соң Қаңлы Жүсіп, Асқар Тоқмағамбетов, Оразбек Бесбаев, Сейтмұрат Ембергенов секілді ақындар шыққан ауылдағы мәдениетін үйінде еліміздің ұлттық мерекесі - Республика күніне арналған поэзия кеші ұйымдастырылды. 

Поэзия кешін жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы өлеңмен ашып, жырға шөліркеген халыққа жырдан шуақ шашты.

Алдымен жергілікті ақын Б.Есназар бірқатар өлеңдерін оқыса, кейін Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов, Жанар Бимұратқызы, Гүлзада Есмаханова, Ақгүл Абдрасул жырдан шашу шашты. Өз кезегінде әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарыстанұлы әсем әндерді әуелете шырқады. Поэзия кешін жүргізген жергілікті ақын А.Ибрагимұлы ауданнан шыққан тарихи тұлғалар туралы әңгімелеп, ауданның жетістіктерін тілге тиек етті.

Сонымен қатар поэзия кешін тамашалаған жұртшылық ақындарға алғыстарын білдірді. Атап айтқанда, ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Смайлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов ақындарға алғыс айтып, аудан әкімінің атынан «Арнасын жыр кернеген – Сырдария» атты аудиоантологияны табыстады.

сырдария1.jpg

Тағы да оқыңыз: