Kyzylorda-news.kz. Бұдан былай сырдариялықтар жергілікті макарон өнімдерін тұтынбақ. Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, солардың бірі ретінде Сырдария ауданынан макарон өнімдерін шығаратын жаңа цех ашылған.
Бұл цехтың ашылғанына көп бола қоймаса да, жас кәсіпорын отандық нарықта өзінің маркасын аудан халқына танытып үлгерді. Жаңа макарон цехының жоспарланған қуаты – күніне 40 келі макарон. Әзірге макаронның 10 түрі даярлануда.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, цехқа автоматтандырылған өндіріс желісі сатып алынған. Мұнда ұнды ыдысқа құю, қамыр илеу, одан макаронды дайындау, формаға салып кесу, ыдысқа қаптауға дейінге әрекеттің барлығы автоматты түрде жасалады.
– Цех макарон өнімдерін дайындау үшін қазақстандық ұнды пайдаланады. Цехтың толықтай автоматтандырылуы, әрі қазақстандық шикізатты пайдаланатындығы – нарықтағы макарон өнімдері бағасының төмендеуіне септігін тигізеді, – деді цех басшысы Ғалымжан Танатаров.
Айта кету керек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылы 26 жоба мемлекеттік грантқа мақұлданған.
