Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда Сыр өңірінде күзгі жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда диқаншылар соңғы гектарларды оруда.

Сырдария ауданы бойынша егілген негізгі дақыл күрішті ору, бастыру жұмыстары қарқынды жүруде. Аудан бойынша күріш дақылының 18261 гектары орылып, 15826 гектары бастырылып, орта өнімі гектарына 56,5 центнерден келуде.

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сәрсенбаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Омархан Пашкенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков аудан аумағындағы шаруашылық құрылымдарын аралады. Сала мамандары Сыр салысын жинау жұмыстарының барысымен танысты.

Кездесу барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сәрсенбаев ала жаздай еккен өнімді төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алуға сәттілік тіледі.

«Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нәсіп» демекші, ала жаздай төккен маңдай тер мен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер», — деген Қайрат Сәрсенбаев диқаншыларға ыстық лебізін білдірді.

Тағы да оқыңыз: