Kyzylorda-news.kz. Ауданның нағыз кітап сүйер қауымы мен ерікті жастарын Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылатын «Кітап оқиық!» кітап клубының ашылуына шақырады.
А.Байтұрсыновтың 150 жылдығы мен А.Тоқмағамбетовтың дүниеден өткеніне 40 жыл толуына орай Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық кітапханамен бірлесе өтетін шараға «Кітап құрттары» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібаев келіп, өз тәжірибесімен бөлісетін болады.
Іс-шара аудан әкімдігі ғимараты алдында бастау алып, ауданға келген қонақтар күтіп алынады. Қонақтардың қатарында «Кітап құрттары» кітап клубының жетекшісі және Жанар Бимураткызы, АқжолТүменбай, Үкітай Ерниязов, Әл-Фараби Бекарысұлы, Айдар Сайлауов, Ақтөре Ибрагимұлы т.б және ауданның ерікті жастары бар. Одан әрі Тереңөзек кенті, «Парасат» алаңындағы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Мұнан соң Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылатын «Кітап оқиық!» кітап клубының ашылу салтанаты ұйымдастырылады.
Шара барысында аталған кітап клубы тек еріктілерден кітап жинайтыны ескертіледі. Сондай-ақ жиналған кітаптар аудандағы үйден оқытылатын балаларға, аудандық ауруханада ем алатын науқастарға және өзге де оңалту орталықтарына тегін таратылатыны айтылады. Қазіргі таңда 200 ден аса кітап қоры бар. Жастар орталығында кез-келген уақытта жастардың кітап оқуына мүмкіндіктер қарастырылған.

