Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданында Қоғамдық кеңес жұмысы жолға қойылған. Қазіргі уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелері аталған кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалған емес. Өткен жылы ауданның экономикалық тұрғыдан алдыңғы орынға шығуы үшін, ел игілігі жолында көкейтесті мәселелердің шешілуіне біршама шешімдер қабылданды. Өз кезегінде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетовпен  өткен жылы Қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Маратбек Нағымұлы, Қоғамдық кеңестің өткен жылы атқарған жұмысы жайында кеңінен тарқатып айтып бересіз ба?

– Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары елімізде аса ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып, нақты шешімдер қабылдануда. Бұл атқарушы билік пен өкілді органдарға, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Осыны ескерген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қоғамдық кеңестер жұмысына көп көңіл бөліп, ерекше қолдаулар көрсетуде.
Соның негізінде ауданымызда да Қоғамдық кеңес мүшелері заң аясында өздеріне жүктелген міндеттер негізінде ел-халыққа қызмет көрсетуде. Біздің басты міндетіміз, ол – халық пен билік арасына дәнекер болу, аудандағы өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысу, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-пікірлерін, талап-тілектерін тыңдау болып табылады. Бұл бағытта біз өздеріңізбен бірге 2022 жылы бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Енді сол атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем деймін. 
Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес жұмыс жүргізеді. Аталған заң талаптарына сай 2022 жылғы 9 наурыздағы Сырдария аудандық мәслихатының №124 шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілген. Осы ретте Қоғамдық кеңес мүшелері қоғам белсендісі болып, ашық азаматтық ұстанымыдарын ортаға салып, ауданымызды дамытуға ынталы болуда.
Бүгінде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің 14 мүшесі бар және маңызды салалар бойынша үш комитет құрылып, жұмыс жасауда. Қоғамдық кеңес құрамы мен жұмыс жоспары бекітілген күннен бастап бүгінгі күнге дейін 19 отырысы өткізіліп, 68 мәселе талқыланған. Байқағандарыңыздай, біз бір айда бірнеше рет кездесіп, бас қосып, ортақ мәселелерді жан-жақты кеңінен талқылағанбыз. Нақтырақ айтар болсам, Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесі 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес төмендегі жұмыстарды атқарды.
Ең алдымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында атап көрсетілген ауылшаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында шағын кәсіпкерлікті дамыту шараларын жүргізу кеңес мүшелері тарапынан талқыланып, қолдау шаралары ұсынылды. Бұл мәселе аграрлы ауданымыз үшін өте өзекті. Сондықтан ауылшаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында шағын кәсіпкерлікті дамытуға әлі де күш салуымыз керек, бұл Қоғамдық кеңестің күн тәртібінен түспейтін мәселе болып қала бермек.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының мал жайылымдық жерлерін заңдастыру (мақсатсыз жер пайдаланушылардан жерді қайтару жұмыстары) және көлдерді, жайылымдық жерлерін суландыру шаралары туралы тиісті мекемелердің есебін тыңдадық. Ерекше айтып өту керек, бұл мәселе Мемлекет басшысының, облыс әкімінің қатаң бақылауында тұрған мәселе. Расында да мал жайылымдық жерлерін заңдастырудың өзектілігі жыл санап артуда. Сондықтан мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді қайтарды кеңес мүшелері назарда ұстайды. Бұл бағытта тиісті бөлімге нақты ұсыныстарымыз берілген, сол бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған жерлер мемлекет меншігіне кері қайтарылуда. Соның аясында мал жайылымдық жерлер де кеңейтілуде.
Сондай-ақ ас-құдайы берудегі ысырапшылдықтың алдын-алу да кеңес отырысында талқыланды. Аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамымен бірге бұл мәселені егжей-тегжей зерттеп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге уағдаластық. Сол келісім бойынша кеңес мүшелері өздерінің жүрген жерлерінде ысырапшылдыққа жол бермеуді насихаттап жүр. Бұл бағытта жергілік газетте де ақпараттық-насихаттық мақалалар мен біздің пікірлеріміз жарияланды.

– Қағамдық кеңес мүшелері жастар тәрбиесіне байланысты қандай іс-шаралар қабылдауда?

– Жастарды исламға қарсы діни ағымдардан сақтандыру, жат ағымдардың жетегіне ерудің алдын алу жұмыстары да аса маңызды. Осы мәселе біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. Қоғамдық кеңестің отырысында «Діни ағымдарға қалай тосқауыл қоямыз?», «Жастарға қандай бағыт-бағдар береміз?», «Жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін не істеуіміз керек?» деген секілді сұрақтарды ортаға салып, кеңінен талқыладық. Аға буын өкілдерінің өткір-өткір ұсыныстары айтылды, пікірлері негізге алынды. Осылайша Қоғамдық кеңес тиісті бөлім, мекемелерге ұсыныстар енгізіп, бірлесе жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Біздің болашағымыз – бала. Бүгінде ауданымыздағы әр отбасында оқушы бала немесе жасөспірім бар. Сондықтан олардың мәселесі біздің ортақ мәселеміз. Осы орайда Қоғамдық кеңес Балалар жазғы демалысының тиімді ұйымдастыру және су айдындарында суға түсу мерзіміндегі қауіпсіздік шараларын күн тәртібіне шығарып, үлкен талқылау өткізді. Кеңес мүшелерінің ұйытқы болуымен және кент, ауыл әкімдерінің, аудандық полиция бөлімінің қолдауымен барлық елді мекендерде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 50-ге жуық кездесулер өткізілді.

– Қоғамдық кеңес мүшелері аудан бойынша нендей мәселелерге назар аударуда.

– Шын мәнінде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері кент әкімдігімен бірлесіп, маусым айында кент тұрғындарына үй-үйді аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұндағы басты мақсатымыз – тұрғындарға төрт түлік малдарын өріске айдап, өрістен күтіп алуды дұрыс ұйымдастыруды түсіндіру болып табылды. Расында да малдардың көшеде бей-берекет қараусыз жүруін болдырмау – мәдениетіміздің де белгісі. Оның үстіне қоғамдық орындарды таза сақтау, ауданға келген қонақтарға жайлылық сыйлау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сондықтан бұл жұмыстар күн жылығаннан кейін де жалғасады деп сенемін. Біз түсіндірме жұмыстарын жүргізсек, тиісті құзырлы органдар иесіз, қараусыз жүрген мал иелеріне айыппұл салуды ескертті. Кеңес мүшелері көшпелі жиындар мен мәжілістерді де өткізуде. Мәселен, 2022 жылдың 20 маусым күні  «Жалын» сауықтыру лагерiнде болып, лагерь қызметкерлерімен, демалушы балалармен кездестік. Қоғамдық қеңес мүшелері аралау барысында балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру керектігін айтып, «Жалын» сауықтыру лагерінің ұжымына бірқатар ұсыныстар енгізіп, жұмыстарына сәттілік тіледік.
Мұнан бөлек Қоғамдық кеңес мүшелері Сырдария аудандық емханасына да арнайы барып, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын қарап, сонымен бірге емхана кіреберісінде орналасқан пандустың талапқа сай келетіндігіне көз жеткіздік. Сала мамандарымен пікірлескенде аудандық қоғамдық кеңес мүшелері науқастарға барлық жағдай жасалу керектігін, тегін дәрі-дәрмектердің уақытылы берілуі қажеттігін айтты. Денсаулық сақтау саласының проблемалары, күнделікті көңіл бөлінетін шараларға айналуы тиіс екендігін де ұсындық.

Сыбайлас-жемқорлық қылмыстары біздің қоғамның қас жауы. Бұл мәселені де Қоғамдық кеңес мүшелері назардан тыс қалдырмай, жемқорлықты жою мен болдырмау бағытында жұмыс жоспарына сәйкес талылаулар өткізуде. Кеңес мүшелері ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Е.Зұлқарнаевтың «Сырдария ауданында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың алдын алу барысы туралы» баяндамасын тындады. Баяндамада сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюдың барлық шаралары кеңінен қамтылды. Бәрімізге белгілі, қазір – ақпараттандыру заманы. Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі ақпараттандыру заманына сай жұмыс жүргізуде деп айтуға толық негіз бар. Сырдария аудандық қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары туралы ақпараттар «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі «Сырдария аудандық қоғамдық кеңес» парақшасында тұрақтыт үрде жариялануда. Оны кеңес төрағасының келісімімен аудандық қоғамдық кеңестің хатшысы Жандос Әбубәкіров жүргізуде. Сондай-ақ «KAZKENES» сайтында да біздің жұмыстарымыз жарияланып келеді. Ал кеңес отырыстары жөніндегі ақпараттық мақалалар және кеңес төрағасы мен мүшелерінің түрлі саяси оқиғалар мен жаңалықтарға байланысты пікірлері аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тұрақты түрде жариялануда. Сонымен қатар, аудандық мәслихат аппаратының интернет-ресурсында орналастырылуда. 
Кеңес мүшелері қашанда бекем бірлікті, ынтымақты тірлікті жақтайды, насихаттайды. Біз алдағы уақытта да ауданымыздың игілігі үшін жергілікті халықпен, атқарушы билікпен тығыз жұмыс жасай беретін боламыз. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауданымыз өсіп-өркендей берсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Тағы да оқыңыз: