Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының халыққа қажетті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сырдария ауданында құрылыс, жол және коммуналдық салаларда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өткен жылы ауданда 27,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 101,5 пайызға орындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев мәлімдеді.
– Өткен жылы ауданда құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 28,5 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, құны 186,5 млн теңге болатын Нағи Ілиясов ауылындағы жаңа қоныстану аймағына инженерлік-инфрақұрылымдық желілер тарту жұмыстары басталып, аталған жоба биыл толық аяқталады. Жол саласы да аудан дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Аталған салаға өткен жылы 1,4 млрд теңге бөлініп, 13 жоба аясында ұзындығы 30 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді. Аудандық маңызы бар «Қызылорда – Әуежай – Қоғалыкөл – Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы толық аяқталып, сондай-ақ Шіркейлі, Шаған және Сәкен Сейфуллин елді мекендеріндегі 12 көше күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Тереңөзек кенті, Жетікөл, Амангелді, Ақжарма ауылдарындағы 17 көшеге және Іңкәрдария ауылындағы «Мүлкілан баба» кесенесіне апаратын жолға аудандық бюджеттен 137 млн теңге бөлініп, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99 пайызға, ал елді мекендер ішіндегі жолдардың үлесі 87 пайызға жетті. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын 10 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылып, оның ішінде Тереңөзек кенті мен Шаған ауылындағы 13 көшені күрделі жөндеуге 527 млн теңге бөлінді. Аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кентінде заманауи талаптарға сай жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан жақын айларда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Коммуналдық салада да нақты нәтижелер бар. Қазіргі таңда аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Сыр суы» өндірістік бөлімшесі арқылы 138 млн теңгеге Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Іңкәрдария және Қалжан ахун елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Тереңөзек кенті мен Аманкелді, Бесарық, Шаған, Асқар Тоқмағанбетов және Сәкен Сейфуллин ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жоспарланып отыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ауданда елді мекендерді газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы бұл мақсатқа барлығы 4 млрд теңге қаржы бөлініп, Нағи Ілиясов пен Шаған ауылдары табиғи газға қосылды.
– Ақжарма ауылын газдандыру жобасы бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, қазіргі таңда газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауыл тұрғындары биыл көгілдір отынның игілігін көреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын Шіркейлі, Қоғалыкөл және Бесарық ауылдарын газдандыру жобаларына бюджеттік өтінім ұсынылды. Бүгінде Шіркейлі мен Қоғалыкөл ауылдарына газ тарту жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен 720 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жуық арада басталады. Нәтижесінде ауданды газбен қамту деңгейі 80 пайызға жетеді деп күтілуде. Электр желілерін жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарының электр желілері толық қайта жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 490 млн теңге болатын Қалжан ахун ауылын электрмен жабдықтау жобасы өткен жылы басталып, биыл аяқталады. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді. Ал биыл жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрайтын Тереңөзек кенті, Нағи Ілиясов, Асқар Тоқмағанбетов және Сәкен Сейфуллин ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды, – деді Берік Сәрменбаев.
2025 жылы Сырдария ауданында экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Өнеркәсіп орындары 101,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 72,4 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 14,2 млрд теңгені құрап, 11,2 пайызға өсті.
- Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға әркез басымдық беріліп келеді. Өткен жылы аудан экономикасына 89,5 млрд теңге негізгі инвестиция тартылып, бөлшек сауда көлемі 3,2 млрд теңгеге жетті. Жыл басында ауданда 2 675 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Өткен жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 199 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 19 жоба қаржыландырылды. «Өңдеу» бағдарламасы бойынша құны 256 млн теңгенің жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидияланса, «Ұлттық жоба» шеңберінде 129 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 21 жоба, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 21 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынды. Өңірлік пул аясында Қалжан ахун ауылында құны 35 млн теңгеге жылыжай құрылысы іске қосылды. Тереңөзек кентінде құны 50 млн теңгені құрайтын наубайхана пайдалануға беріліп, бүгінде тәулігіне 500 дана нан және түрлі кондитер өнімдері өндірілуде,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сондай-ақ, аудан әкімі брифинг барысында алдағы жылдарға жоспарланған ірі инвестициялық жобаларға да тоқталды.
- Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауымен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында нақты келіссөздер жүргізілді. Алдағы жылдары ауданда жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде 2026-2028 жылдары «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ кондырғысының құрылысы жоспарлануда. Құны 1,6 трлн теңгені құрайтын жобаға 280 гектар жер учаскесі резервке алынды, құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан кезде 510 адам жұмыспен қамтылатын болады. Одан бөлек, құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасы, 41 млрд теңгелік газ өндіру зауытының құрылысы және Шаған ауылындағы 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жобалар аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді,- деді Берік Сәрменбаев.
Өткен жылы Сырдария ауданында 33 145 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, әр гектардан орта есеппен 61 центнерден өнім алынып, жалпы 122 мың тонна астық жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
– Аудан шаруашылықтарындағы еңбеккерлердің еселі жұмыстарының нәтижесінде облыс көлемінде Сырдария ауданы «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атанды. Мемлекет басшысының Сыр еліне жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, ауданда суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта егістік алқаптарда лазерлік жер тегістеу әдісі қолданылып, нәтижесінде 30 пайызға дейін су үнемделіп, егін шығымы артты. Өткен жылы шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техниканың көмегімен 3 500 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда ауданда бұл бағыттағы жұмыстар 70 пайызға жетті. Сонымен қатар, шаруашылықтар 150 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісімен әртүрлі дақылдар егіп, жақсы нәтиже көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауданда 805 гектар жерге бақша және көкөніс дақылдары егілді. Оның ішінде Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Шіркейлі, Бесарық, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында жастар бригадалары 100 гектарға жуық алқапқа бақша дақылдарын орналастырып, мол өнім алды. Мал шаруашылығын дамыту жұмыстары да аудан бойынша жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы мүйізді ірі қара басының саны 4,1 пайызға, жылқы 9,4 пайызға, құс 16,5 пайызға артты. Сонымен қатар, ет өндірісі 1,1 пайызға, ал сүт өндірісі 4,1 пайызға өсті, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
