Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жағажай аумағында тазалық іс-шарасы өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, мекеме және бөлім, азаматтық қорғау саласы қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аудан басшысы экологиялық іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізілуде. Осы ретте, Сыр өңірінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен экологияны жақсарту бағытында үлкен шаралар қабылдануда. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында аймағымызда тазалық акциялары мен сенбіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде өңіріміз таза аймақтар қатарынан көрінуде. Бұл бағытта аудан тұрғындары үлкен үлес қосуда. Осы жылдың өзінде ауданымызда бірнеше экологиялық акциялар мен ағаш отырғызу шаралары ұйымдастырылып, сенбіліктер апта сайын өткізілуде. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында аймақ басшысының қолдауымен аудан орталығында тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигон пайдалануға берілді. Қазіргі таңда полигонда тазалық шаралары нәтижесінде жиналған қалдықтар өңделуде. Біздің әрқайсымыз табиғатқа деген жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Таза ауа, жасыл желек пен таза су – біздің келешегіміз. Осы байлықты сақтап қалу үшін бәріміз қоршаған ортаны қорғауымыз қажет. Сіздерді табиғатты қорғауға, оны аялауға, болашақ ұрпаққа таза және сау табиғат қалдыруға шақырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Экологиялық іс-шара барысында жағажай аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді. Арнайы техникалармен қоқыстар тазартылып, демалыс орнындағы жабдықтар сырланды. Арнайы қайықпен көлдегі қалдықтар да тазартылды.