Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының прокуроры қызметін атқарған Асқар Кемаловты құрметті зейнет демалысына шығуына орай актив жиыны өтті. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Асқар Жаметұлының ауданның құқықтық тәртібін сақтаудағы еңбегін атап көрсетті.
– Асқар Жаметұлы еңбек жолын 1990 жылы Қызылорда қаласында заң кеңесшісі қызметінен бастап, облыстық тұтыну одағында, Қызылорда облыстық сотында қызметтер атқарған. Әр жылдары Қызылорда облысы прокуратурасының аға прокуроры, Сырдария ауданы прокурорының орынбасары, Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі болып қызмет етті. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданының прокуроры, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, Қызылорда облысы прокурорының атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі ретінде аймақта заң үстемдігін қамтамасыз ете білді. 2021 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін Сырдария ауданы прокуроры қызметін абыроймен атқарып, аудан дамуына ерекше еңбек сіңірді. Аудан прокуроры лауазымында халықтың құқықтарын қорғап, заңдылықты қамтамасыз ету үшін қажырлы қызмет атқарды. Прокурордың бастамасымен ауданда көптеген маңызды құқық қорғау іс-шаралары табысты жүзеге асырылды. Асқар Жаметұлының заң талаптарын қатаң сақтап, әділдік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жолында атқарған зор қызметін аудан халқы жоғары бағалайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы Асқар Кемаловқа ауданның ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Актив жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов жылы лебіздерін білдіріп, аудан дамуына сіңірген еңбегін, қосқан үлесін жеткізді.
Өз кезегінде Асқар Жаметұлы ризашылығын жеткізді.
Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі