Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған болатын.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Байқау нәтижесімен батырлар ауылы атанған Нағи Ілиясов ауылы облыстағы «Үлгілі ауыл» номинациясының жеңімпазы атанды.
Еңбек Ерлері шыққан республикадағы үлгілі ауылдардың алдыңғы қатарындағы Н.Ілиясов елді мекеніне берілген лайықты бағаға сәйкес, жеңімпаз ауылға құрмет көрсету және аймақ басшысының қолдауымен «Үлгілі ауыл» Н.Ілиясов ауылына берілген жер қазатын трактор және жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігін табыстау рәсіміне арналған мерекелік шара өткізілді.
Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, байқау жеңімпазы атанған ауыл азаматтарын құттықтады.
- Бүгінде ауылдың экономикасы дамыған, әлеуеті артқан. Әлеуметтік нысандар жаңарып, гүлденіп, көркейген ауыл өзге елді мекендерге үлгі етіледі. Жуырда елді мекенде құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер аллеясының» бой көтергенін өңір жұрты мақтанышпен айтады. Сондықтан да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында Н.Ілиясов ауылының жеңімпаз болуы – бәріміз үшін ортақ абырой.
Бұл ауданның, ауылдың қарқынды даму үдерісін көрсетеді. Елді мекеннің өркендеуіне мемлекеттен зор қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, ауылдың дамуында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің еңбегі өлшеусіз. Ел үшін осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жатқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін! – деді аудан әкімі.
Мерекелік шарада аудан тазалығына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар тазалықшылар облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов құттықтау лебізін білдірді.
– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсын жариялап, кеше аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Байқау нәтижесімен батырлар ауылы атанған ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылы облыстағы «Үлгілі ауыл» номинациясының жеңімпазы атанды. Ал, бүгін ауданда дүбірлі той болып, аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Үлгілі ауыл» Н.Ілиясов ауылына берілген жер қазатын трактор мен жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігінің кілтін мерекелік шара аясында табыстады. Осыған қоса, елді мекендерде ерен еңбек етіп, тазалық сақшысына айналған азаматтарға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. «Үлгілі елді мекен» конкурсында Н.Ілиясов ауылының жеңімпаз болуы – бәріміз үшін ортақ абырой. Осындай қуаныштарымыз көп болсын. Қуанышқа ортақтасып, мен де дүбірлі тойға куәгер болдым. Мұнан соң, нағилық өнерпаздар әннен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ауданымыз дамып, көркейе берсін дегім келеді, – деді облыстық мәслихат депутаты.
Бұл ретте, сала басшылары мен аудан тұрғындары да үздік ауылды кезекті жеңісімен құттықтады.
– Апта ағымында сырдариялықтар үшін қуанышты жаңалықтың лебі ескен жайы бар. Нағи Ілиясов ауылы облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атана білді.
Менің алғаш ауылға келген сәтім әлі есімде. Көркіне көз толмайтын ауыл келбетіне таңдана, тамсана қарайтын едім. Республикаға белгілі елді мекеннің ерекше сымбатын көріп, «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөздер есіме еріксіз оралатын.
Бұл ретте, жасампаз ауылдың көркеюіне Абзал және Дархан Жұмашұлы ағаларымыздың еңбегі ерекше. Қос азаматтың қолтаңбасымен келген ауылды көркейту жобасын теңдесіз дүние қатарына жатқызатын едім. Әр жыл сайын көркейту-көгалдандыру жұмыстары айрықша серпін алып, жаңара түсуде. Әрбір нағилық өз ауылын мақтан тұтады. Ел ағаларының жасап жатқан ісіне береке берсін демекпіз. Алдағы уақытта үздік атана білген ауылдың гүлденуіне ел азаматтарымен бірге барымызды сала бермекпіз, – деді Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов.
Сонымен бірге ауыл тұрғыны Жанат Шайзадаева ізгі тілегін жеткізді.
– Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені-ауыл болғаны анық.Яғни-ауыл ұлтымыздың ұйытқысы.Ауыл барлық халық анасы,тіршіліктің нәрі.Ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналып келе жатқан ауыл.
Туған жер, туған ауыл қымбат маған,
Ешкімге бұл сезімді былғатпаған.
Мен оның өзім ғана сезінетін,
Қастерлі қасиетін жырлап бағам, деген өлең жолдары ауыл экономикасының өсуіне халықтың ынтымағы мен бірлігі, ауылдың тазалығы мен гүлденуіне өз үлестерін аянбай қосып жүрген іскер ел ағаларына арнап айқым келіп отыр.Ауыл түлесе-қазақ түлейді.Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.
Туған жер кемелденіп аршындадың,
Қазаққа қазіргі күй-қалпың мәлім.
Шетелдердің межесіне көп ұзамай,
Енерсің осы бетпен адымдағын. Ауылдардың Астанасы атанған гүлденген Нағи ауылы Облыс әкімінің ұйымдастыруымен өткізілген "Үлгілі елді мекен" конкурсына қатысып, нәтижесінде "Үздік ауыл"номинациясы I дәрежелі дипломмен ауылымыздың әкімі Сағдат Нұрмағанбетұлы марапатталды. Ауылды абаттандырып, көркейту жұмыстарын қарқынды жүзеге асырып отырған Қазақстанның Еңбек Ері Ералиев Абзал Жұмашұлына және "Мағжан и К" ЖШС-нің төрағасы, аудандық маслихат депутаты Ералиев Дархан Жұмашұлына алғыс білдіреміз. Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз, – деді ауыл тұрғыны.
Марапаттау салтанатынан кейін Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудан орталығында "Өнер-өмір өрнегі" атты өнер фестивалі өткізілді. Облыстық "Үлгілі елді мекен"конкурс нәтижесінде Нағи Ілиясов ауылы жүлделі I орынмен "Үздік ауыл" номинациясын жеңіп алды. Иә, гүлзары көркем, ғимраттары келісті, құлпырған елді-мекеннің келбеті алыстан мен мұндалап,көз тартады.Ауыл-халықтың алтын құрсағы.Тәуелсіз қазақ еліндегі гүл жайнаған бірінші ауыл-Нағи Ілиясов елді мекені. Ауыл ажарланса-қазақтың да маңдайы жарқырағаны. Ауыл көркемөнерпаздары ауданымыздың тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлады.