Kyzylorda-news.kz.  Сырдария аудандық мәслихатының төрағасы Ержан Әжікеновтың өткен жылы атқарылған жұмыс бойынша газет тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Ержан Ертарғынұлы, 2022 жыл еліміз үшін де, Сыр елі үшін де өзгерістер мен жаңғыртуларға толы жасампаз жыл болды. Өзгерістер кезеңіне нық қадам басқан елімізде жүргізілген аса маңызды қоғамдық-саяси жұмыстардан сырдариялықтар да тысқары қалған емес. Сіз үшін өткен жыл несімен ерекше есте қалды?

– Әрине, өткен жылға өкпе жоқ, еліміз үшін, туған жеріміз Сыр халқы үшін де есте қаларлықтай болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары билік тармақтарына ғана емес, әр азаматқа әсер етіп, оның тиімділігін бәріміз бірдей сезіндік. Сондықтан 2022 жыл – жаңалықтарға толы, өзгерістер көп болған және жетістіктеріміз де еселенген жемісті жыл болды десек артық айтқандық емес.

Аудан әкімдігі бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде аймақтың даму көрсеткіштері айқындалатын индикаторлардың бәрінен оң динамикаға қол жеткізіп, облыс аудандарының көшін бастады. Соның негізінде 2022 жылы Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Үздік аудан» атанып, абыройымыз асқақтап, мерей-мәртебеміз арта түсті. Аудан диқандарының еңбегі мен маңдай тері – бірлесе атқарған жұмыстардың жемісі ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесі. Сондықтан, бұл – бәріміз үшін ортақ қуаныш, ортақ жетістік. Ал, осы жетістіктерге, ауданда атқарылған жүйелі жұмыстарға аудан әкімдігімен қатар аудандық мәслихат депутаттары да атсалысып, ауданымыздың дамуына лайықты үлес қосты.

– Сырдария аудандық мәслихатының төрағасы ретінде 2022 жылы аудандық мәслихатта атқарылған жұмыстар бойынша тоқталсаңыз?

– Өздеріңіз білетіндей, «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 19-бабында мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты «Мәслихат мәслихат төрағасын сайлайды және оның есебін тыңдайды» деп көрсетілген. Негізінен, мәслихаттың негізгі жұмыс нысаны сессия болып табылады. Сессиялардың ұйымдастырылуы мен өткізілуі туралы айтар болсам, есепті мерзім ішінде жетінші шақырылымдағы Сырдария аудандық мәслихатының барлығы 12 сессиясы өткізілді. Оның 4-і кезекті, 8-і заңдылыққа және аудан әкімінің ұсынысына сәйкес шақырылған кезектен тыс сессиялар болды. 
Сессияларға аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, меншік нысанына қарамастан барлық мекеме, бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты. Ал, аталған сессияларда 64 шешім қабылданып, 26 шешім жалпыға бірдей маңызы бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан Әділет органдарынан тіркеуден өтіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралында жарияланды.
Сессиялар барысында 2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджетке 6 рет өзгерістер мен толықтырулар,  4-ші деңгейдегі бюджетке 4  рет өзгерістер енгізілді. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзырлы органдарға 7 депутаттық сауал жолданды. Депутаттық сауалдардың бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Сайлаушылардың талап-тілектерін ескере отырып, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдар назарына берілген ұсыныстардың облыс, аудан әкімдігінің қолдауымен басым бөлігі шешімін тапты. Нақтырақ айтар болсақ, 7 депутаттық сауалдың 6-ы толық орындалса, 1 сауал орындалу үстінде.
Сонымен қатар, аудандық мәслихатқа жеке және заңды тұлғалардан барлығы 15 арыз түсіп, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жұмыстар жүргізіліп, арыз иелеріне тиісті жауаптар мен түсіндірме берілді. 2022 жылы мәслихат аппаратына 397 құжат түсіп, 291 құжат тиісті органдарға жолданды. Есепті мерзім ішінде 7 рет тұрақты комиссия отырысы өткізілді.

– Өткізілген сессиялардың күн тәртібінде қаралған маңызды мәселерге тоқталып өтсеңіз?

– Аудандық мәслихат депутаттары «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ауданда орындалу барысы туралы мәселені кеңінен талқылап, тиісті бөлім басшысының есебін тыңдады. Кәсіпкерлік саласын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Ұсынысты айту оңай, ал оны іске асыру көп еңбек пен ізденісті талап ететіні белгілі. Мәслихат депутаттары өздері айтқан ұсыныстарды атқарушы билік өкілдерімен бірге орындауға да атсалысып келеді. Бұл сөзімізге мәслихат депутаты болып табылатын ірі шаруашылық төрағаларының, кәсіпкерлердің жүргізіп жатқан жұмыстары дәлел.

Тағы бір сессияда Тереңөзек кентінің абаттандырылуы, көгалдануы, санитариялық жағдайы және оларды жақсарту шаралары қаралды. Иә, тазалық – баршаға ортақ іс. «Сырт көз – сыншы» дейтін болсақ, ауданымыздың даму деңгейін, тіпті біздің өмір сүру мәдениетімізді ауданға келген меймандар тазалығымыздан бағамдайды. Сондықтан бұл іске жауапкершілікпен қарау, абаттандырылу жұмыстарының сапалы жүргізілуі, көгалдандыру айлығының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мәслихат депутаттарының да назарында. Осы тұста депутаттардың да сенбілікке шығып, үндеулер жариялап, ауданымыздың санитариялық тазалығына үлес қосып келе жатқанын және алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жүргізіле беретінін айтқым келеді.

Мәслихат сессияларында 2022 жылға арналған аудандық, кент және ауыл бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының Сырдария ауданы бюджетінің, кент және ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы туралы есебін тыңдау, Сырдария ауданы бойынша 2022 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту мәселелері де қаралап, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ «Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы» шешімге өзгерістер енгізілді.

Өздеріңізге белгілі, аудан әкімі аудандық мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы жылына бір рет есеп береді. 2022 жылы да аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудандық мәслихаттың кезекті 18-ші сессиясында депутаттарға есеп беріп, ауданда атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады. Өз кезегінде депутаттар оң пікір білдіріп, аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалап, қолға алынған жобалар мен жұмыстардың нәтижелі болуына шынайы тілектестігін білдірді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сындарлы кезеңдерде сынауға емес, бірлесе еңбек етуге бейім болуымыз қажеттігін айтты. Президенттің бұл ұстанымын аудан халқы жақсы сезініп келеді. Ол жылдың басында өткен референдумда және Президенттің кезектен тыс сайлауында анық байқалды. Сындарлы кезеңде сыр бермеген, нағыз бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен Сырдария ауданы қос бірдей аса маңызды саяси науқанда облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Мұны облыс басшысы жоғары бағалап, ауданның бірлігі бекем, тірлігі көркем екенін айтып өтті. Бұл – аудан әкімінің, атқарушы билік өкілдерінің және бәріміздің бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі.

– Аудандық бюджет туралы қысқаша айтсаңыз?

– 2022 жылға арналған аудандық бюджеттің кірістері 12 723 887,7 мың теңгені құрады. Оның ішінде өз кірістеріміз 4 898 249,2 мың теңге болса, салықтық түсімдер көлемі – 4 878 448,2 мың теңге. Ал, салықтық емес түсімдер – 4 228 мың теңге болып отыр. Сондай-ақ, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 15 573 мың теңге, трансферттер түсімдері 7 825 638,5 мың теңге екенін айтып өткенім жөн. Мұнан бөлек шығындар көлемі – 13 151 063,3 мың теңгені құрайды. Бюджет көлемін арттыру  салық базасын ұлғайтуға тікелей байланысты. Ал, салық базасы жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамығанда артатыны белгілі. Сондықтан мәслихат депутаттары осы бағытта нақты жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосу бағытындағы жұмыстарды жандандыратын болады. Осы ретте аудандық мәслихат сессияларында Сырдария ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін, Сырдария ауданының ауылдық елді мекен жерлерін аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын), бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекіту мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданғанын айтып өткім келеді. Сонымен бірге Сырдария ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары, Сырдария ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер мөлшері де бекітілді.

– Тұрақты комиссия жұмыстарында қандай мәселелер талқыланды?

– Сессиялардан бөлек тұрақты комиссия отырыстары да сапалы ұйымдастырылуда. Біз 2022 жылы тұрақты комиссия отырысында Тереңөзек кенті әкімінің, Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының есебін тыңдап, коммуналдық саладағы түйткілдерді бірге талқылап, ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салдық. Кенттегі кәріз жүйесінің жай-күйіне, көп қабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыруға байланысты өткір ұсыныстар айтылды. Ол хаттамаланып, соған сәйкес бірлесе жұмыстар жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті қаржылар қаралып, көп жұмыстар атқарылды. Оның бәрін жергілікті бұқаралық ақпарат құралынан оқып, біліп отырсыздар деп ойлаймын. Мұнан бөлек тұрақты комиссия отырысында Орман шаруашылығы мекемесінің де жұмысы талқыланып, бірқатар ұсыныстар берілді.

– Мемлекет басшысы Ұлықтау рәсімінде алдағы міндеттерді айқындағанда ауылдарды дамытуға ерекше назар аударды?

– 2022 жылғы 12 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткенін білесіздер. Жиында Президент жыл бойы атқарылған жұмыстарды терең саралап, алдағы міндеттерімізді айқындады. Соның ішінде ауылдарды дамытуға айрықша басымдық берілетінін жеткізді. 
Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын» әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды. Оны біз Елорда төрінде өткен Ұлықтау рәсіміне Сырдария ауданының атынан қатысқанымызда Президенттің өз ауызынан естіген де едік.
«Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр» деді Мемлекет басшысы.

Бұдан біз ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға әлі де жіті мән беру керектігін ұғамыз. Осы ретте ауданымыздағы кейбір ауылдарда болып жатқан жер даулары мен үлескерлер арасындағы түсініспеушіліктерге тоқталғым келеді. Әрине, Президент айтқандай «Жер – халықтың меншігі, қазынасы». Бірақ, сол жерден де, нарықтық қатынастардан да маңызды құндылықтар бар екенін ұмытауымыз керек. Ол бірлік, ынтымақ, ағайынгершілік. Мұны халық даналығында бабаларымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп айтып өткен. Осы сөзге мән беріп, алдағы уақытта бірлікпен, ынтымақпен, өзара түсіністікпен жұмыс істеуге басымдық беруіміз керек. Ал, жер даулары мен үлескерлер арасындағы мәселені сырттан келіп бізге ешкім шешіп бермейді. Ол осы жерде, тұрғындардың заң аясында топтасуымен, өзара түсінісуімен шешіледі. Сондықтан кейбір азаматтардың «Әкімдік қайда қарап отыр? Әкімдік неге араласпайды?» деп негізсіз пікір білдіруі орынсыз. Тағы да қайталап айтамын, заң – баршаға ортақ. Біз демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, сол демократия ұраншылдыққа бой алдырып, анархияға айналып кетпеуі керек. Ол үшін бәріміз, әрқайсымыз бірліктің қадірін біліп, тірліктің көшін жауапкершілікпен алға сүйрегеніміз жөн.

– Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Осы ретте аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс шараларының ұйымдастырылу барысына тоқталсаңыз?

– Мәслихат өз жұмысын агықтыққа негіздеген. Сайлаушыларымен байланыс орнату мақсатында жеке қабылдау кестелері мәслихат сайтында, «АMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жарияланған. Депутаттар жұмысы аудандық «Тіршілік тынысы» газеті арқылы және аудандық мәслихат депутаттарының жеке парақшалары арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді. 
Депутаттар өз жұмыстары барысында өз қаражаттарынан белгілі бір мәселемен келген сайлаушыларға ғана емес, сонымен қатараудан аумағындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі қайырылымдық, демеушілік көмек беріп келеді. Бұл біздің депутаттық ғана емес азаматтық, адамгершілік міндетіміз деп білеміз. Сондықтан жасаған жақсылығымызды тізбектеп, қайырымдылық іс-шаралар жөнінде тереңірек айтқаным жөн болмас. Ең маңыздысы, ел сенімін арқалаған азаматтар мен азаматшалар бұл істі алдағы уақытта да жалғастыра беретініне сенемін.
Халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілікжүктелгенін айтқым келеді. Мен аудандық мәслихаттың халық алдындағы абыройын көтеріп, лайықты еңбек етіп жүрген халық қалаулыларына әрі әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, өңіріміздің, ауданымыздың өркендеуі жолындағы маңызды шешімдерді қабылдап, ел игілігі үшін бірлесіп атқарған жұмыстарымыз жемісті болсын дегім келеді.
Биыл елімізде үлкен саяси маңызды науқандар жоғары деңгейде қорытындыланып, жаңа кезеңге қадам бастық. Бұл – ауданымыз үшін де, әрбіріміз үшін де аса өзекті. Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің жанына топтасып, елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірлесе еңбек етуіміз керек.

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Астана қаласында кеңейтілген кеңес өтті. Кеңесте еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселері кеңінен талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Сіз сол үлкен жиынға қатыстыңыз. Президент берген тапсырмалар негізінде қандай ой түйіп келдіңіз?

–  Астана қаласында өткен жиында Президент берген тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмыстарды нақтылау бойынша аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен арнайы жиын өткізілді. Бұл жиынды тарихи жиын десек те болады. Өйткені, облысымыздың алдағы даму белестері айқындалып, үлкен істердің негізі қаланады. 
Елорда төрінде ұйымдастырылған кеңейтілген кеңесте Президент «Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Реформаларымыз-дың  түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту» деп нақты айтты. Иә, біздің мақсатымыз да, мұратымыз да бір болуы керек. Ол мақсат – елді, өңірді дамытуға негізделсе ғана қолға алған жұмысымыз нәтижелі болмақ. Бұл ретте бірлігі бекем, тірлігі көркем қасиетті Сыр өңірінде қалыптасқан жақсы жүйе бар деп айтуға болады. Біз Президенттің облыстағы өкілі – облыс әкімінің жанына топтасып, берекелі бірлігімізді көрсетіп, өзгелерге өнеге болуымыз қажет. Сонда ғана Сыр елі үлкен белестерді бағындырып, үйлесімді істердің үлгілі ордасы болары анық. Кеңесте Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына қатысты мәселелерге де ерекше тоқталды. «Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір. Бұл – халықтың қамы және елдің мүддесі» деді Президент. Бұл бізге де қатысты. Жергілікті жерде мәслихат депутаттары әкімдерге қолдау көрсетіп, қажет болса кеңесшісі болып, өзара ақылдасып, халық игілігі үшін жұмыс жасауы керек. Яғни, біз алдағы уақытта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына бар ынта-жігіремізбен, күш-қайратымызбен атсалысуымыз қажет. Бізден мұны уақыт да, қоғам да талап етіп отыр. Ал, бұл істе Сырдария аудандық мәслихатындағы депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдармен, аудан, кент және ауыл әкімдіктерімен, бөлімдермен тығыз әріптестік байланыста болып тиімді шешімдердің қабылдануына жұмыс істеуде деп нық сеніммен айта аламын. Мәселен, Сырдария аудандық мәслихатында 12 депутат болса, оның 11-і «Аманат» партиясының, 1-і «Ауыл» партиясының мүшесі. Біз әрбір мәселені тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында егжей-тегжей талқылап барып сессия қарауына ұсынамыз. Сессияда да қаржылардың ең қажетті деген мәселелерге бөлінуіне аса жауапкершілікпен қарап, қажет болса жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуге де атсалысып келеміз. Мұнан бөлек аудан көлемінде ұйымдастырылатын қоғамдық-саяси іс-шаралардың ешбірінен тыс қалмаймыз. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – аудан халқына қызмет ету, түптеп келгенде әрбір депутаттың жұмысы осыған негізделген.

– Сырдария ауданының халқына, оқырмандарымызға айтар тілегіңіз?

– Жерлестерімді, депутат әріптестерімді, атқарушы билік өкілдерін, аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерін, аудандағы үкіметтік емес ұйымдарды кеңейтілген кеңесте Президентіміз айқындап берген маңызды 8 басым бағытты жүзеге асыру үшін бірлесе еңбек етуге шақырамын. Берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың Отаны болған қасиетті Сырдария ауданы дами берсін! Аудан диқандары ата кәсібіміз болған егіншіліктен биыл да мол өнім алып, жоғары белестерді бағындыра берсін! 

– Сұхбатыңызға рақмет!
 

Тағы да оқыңыз: