Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрмұхамед Оразбек пен Максим Усольцев Германияда өтетін WRO-2022 халықаралық робототехника сайысына жолдама ұтып алды.
Зияткерлер алдағы уақытта Дортмунд қаласында өтетін сайыста бақ сынайтын болады.
Халықаралық роботтар сайысы аясында Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттықтыру жиыны өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 50-ге жуық жас өрендер «Жазғы мектеп» жұмысына қатысып, республикалық іріктеуде бақ сынасты. Нәтижесінде«Future Engineers» категориясында қызылордалық Максим мен Нұрмұхамед құрастырған автономды көлік ең үздік деп танылды.
«Бұл санатта көліктердің кедергілерден өтуі, бағаналарды анықтай отырып , белгілі аумақты жүріп өтуі секілді әрекеттерді орындай алу шеберлігі бағаланды», – дейді жеңімпаз оқушылар.
Оқушылардың жетекшісі Серік Мөңкебаев бұл жеңіс оқушыларға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатындығын айтып өтті.
Қараша айында жеңімпаз команда Германия елінің Дортмунд қаласында өтетін Қазақстан құрама сапында әлемдік додада ел намысын қорғап, тәжірибе жинақтап келеді. Бұл халықаралық сайыс оқушылардың алдағы уақытта да өзге де зерттеу жұмысына мол тәжірибе берері анық.

