Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша жарияланған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Сыр елі үлкен жауапкершілікпен қабыл алды. Ағаш отырғызу маусымында белең алған шара туған жерімізді әрқашан таза ұстап, гүлдендіру мақсатында жыл бойы жалғасатын болады. Осы мақсатта өңір кәсіпкерлері бұл игі істен шет қалмай келеді.
Аймағымызда түрлі кәсіпкерлік нысандар аз емес, сол мекемелердің аумағын таза ұстап, ағаштар мен гүлдер егуді жаппай қолға алса, қала, ауылдарымыз таза, жасыл өлкеге айналары сөзсіз.
Бастаманы алғашқылардың бірі болып “Райым” ЖШС басшысы, Өңірлік кеңес төрағасы Раимов Ерлан Қаниұлы қолдады. Осыған орай, Атамекендіктер “Райым” ЖШС-не қарасты орталық мешіттің аумағын тазартуға үлес қосты. Акцияға Палата және “Райым” ЖШС қызметкерлері мен өңір кәсіпкерлері атсалысты. Сонымен бірге, қаламызға “Zebra coffee” атауымен танымал “Сая” ЖК бастаманы қолдау мақсатында барша акцияға қатысушыларға кофе ұсынды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына Сыр жұртшылығы аса белсенділік танытты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жалпы қалалық сенбіліктер, ауқымды шаралар, оның ішінде ағаш отырғызу, әктеу, арықтарды, айналаны тазалау сияқты түрлі қоғамдық жұмыстарда халық ауызбіршілігі бекем болды. Бұл қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан Атамекен кәсіпкерлер палатасының ұжымы да табылған болатын. Енді міне, кәсіпкерлер бастаманы қолдап, өздерінің өндіріс аймақтары, жұмыс орындарының айналасын абаттарндыруды қолға алуда. Біз әр сенбіде бизнес ғимараттарының ауласының тазалығы мен көгалдануына аса назар аударатын боламыз. Таза қалада тұрып, оны жасыл аймаққа айналдыру әрқайсымыздың қолымызда» деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық.
Осы орайда, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы барша бизнес қоғамдастық өкілдерін “Таза Қазақстан” акциясына белсене қатысуға шақырады.