Kyzylorda-news.kz. Сыр театры 68 маусымды сәтті аяқтап, кезекті еңбек демалысына шықты.
Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұжымы маусымды сәтті аяқтады. 68-ші театр маусымында 8 жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынды. Атап айтқанда, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы (реж.Данияр Базаркулов, сур.Нұркен Қалымбетов), М.Задорновтың (орыс тілінен аударған О.Кенебаев, Т.Әлімбекұлы) «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы (реж.Хұсейн Әмір-Темір, сур.Айдар Амандосов), Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастаны (реж.Асхан Маемиров, сур.Алма Сырбаева), Ф.Буляковтың (орыс тілінен аударған Т.Әлімбекұлы) «Отыз ұлың болғанша...» мұңды комедиясы (реж.Данияр Жақсылықов, сур.Айдос Акимов), А.Ахметтің «Шырмауық» психодрамалық моноспектаклі (Үсен Рамазан, сур.Айдос Акимов), Ш.Айтматовтың (инс.Д.Жұмабаева) «Жәмилә» драмасы (реж.Дина Жұмабаева, сур.Нұркен Қалымбетов), С.Раевтың (қырғыз тілінен аударған Ұ.Қылышбаева) «Ақ ләйлек» психологиялық драмасы (реж.Хұсейн Әмір-Темір, Қанат Архабаев, сур.Нүркен Қалымбетов), О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» драмасы (Онталап Нұрмаханов, сур.Алтынай Жүсіпәлі). Аталмыш қойылымдарды сахналау барысында шығармашылық ұжым үлкен тәжірибе жинақтады. Күні кеше араға 17 жыл салып Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып, алатау баурайының сыршыл, сыншыл көрермендеріне театр репертуарындағы 4 қойылымын ұсынған болатын.
Қызылорда облысына қарасты аудан орталықтарына М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясымен кіші гастрольдік сапар ұйымдастырып, барып қайтты. Сонымен қатар, Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» ІІ Халықаралық театрлар фестиваліне, Астана қаласында өткен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған II халықаралық «TEATPALL» театр фестиваліне У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, арнайы дипломдармен марапатталды. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбай «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясының иегері атанды. Сондай-ақ, «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобы Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум!» қуыршақ театрлар фестиваліне Қ.Бегмановтың «Ұр, тоқпақ!» спектаклімен қатысты.
Белгілі театр сыншысы, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің президенті А.Еркебай, сыншы А.Ахмет арнайы шақырылып, театр репертуарындағы қойылымдарды сыни сүзгіден өткізілді. Сыншылар назарына “Жәмилә”, Ер Төстік», «ҰБТ кілті», «Кім?» спектакльдері ұсынылды.
Театр тарландарының шығармашылық кештері ұсынылды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбай мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмилла Әбжанованың киелі сахнада 55 жыл толуына орай «Театр. Тағдыр» атты шығарамашылық кештері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлепова Залипа Тұрғанбайқызының 60 жылдық мерейтойына арналған «Жұлдыздай жарық жауһарым», Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытбек Темірбековтің 50 жылдық мерейтойына арналған «Сыр сахнасының сардары» атты шығармашылық кештері болып өтті.
«Сыншылар жүлдесі – 2022» жылдық қорытындысы бойынша театрымыздың актері Санат Жүзбай Эпизодтық рольдегі «ЖЫЛ АКТЕРІ» номинациясын жеңіп алды. Қазіргі таңда жаңашыл актер Санат Жүзбай Ресей Театр қайраткерлері Одағының ең ауқымды жобасының бірі - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ ТЕАТР МЕКТЕБІ «Звенигород» СТД Мәскеу маңындағы шығармашылық үйінің аумағында білімін жетілдіруде.
Алматы қаласында өткен Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-23» кәсіби сыйлығының «Ең үздік балаларға арналған спектакль» номинациясымен театр репертуарындағы Қ.Бегмановтың «Ер Төстік» спектаклінің режиссері Еркебұлан Қабдыл марапатталды. Сонымен қатар, театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова «ДАРА» төсбелгісінің иегері атанса, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен артистер Мирамкүл Пұшпақова, Арай Көшімбаев, Айгүл Қиятова марапатталды.
Алдағы жаңа маусымда театр ұжымын жаңа қойылымдар сахналау, жаңа жобаларды іске асыру тағы басқа жұмыстары күтіп тұр.