Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері Щербакова Галина Сергеевнаның 70 жасқа толған мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерейтой облыс әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылып, шараны облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы жүргізді.

Кездесу барысында сөз алған басқарма басышысы мерейтой иесінің өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту ісіне қосқан зор үлесін атап өтті. Ол Галина Сергеевнаның білім саласындағы қажырлы еңбегі мен этносаралық татулықты насихаттаудағы белсенді қызметі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан құттықтау хатын табыстады.

Салтанатты басқосуда неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Шек, ҚХА ардагері Асылбек Жұмабаев, сондай-ақ облыстық Ассамблея ардагері Рахима Ахметова, Шешен эмб төрағасының орынбасары Лайла Пашаева және Славяне орталығының белсенділері мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Галина Сергеевнаның өңірдегі қоғамдық келісім мен халық достығын дамытуға сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді. Ол өз сөзінде туған елі мен ел дамуы жолындағы азаматтарға ризашылығын білдіріп, өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтты.

Мерейтой иесінің еселі еңбегі мен азаматтық ұстанымы Сыр өңірінің қоғамдық өмірінде ерекше орын алады. Галина Сергеевна жетекшілік ететін «Славяне» орталығы көптеген мәдени, қайырымдылық және ағартушылық шаралардың бастамашысы болып келеді.

Шара соңында қатысушылар мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілеп, естелік суретке түсті.

Фото: Ассамблея Қызылорда

Тағы да оқыңыз: