Kyzylorda-news.kz Қазақ боксы – тәртіп пен төзімділікті шыңдайтын үлкен спорт мектебі. Бұл спорт түрі арқылы тек чемпиондар ғана емес, қайсар мінезді тұлғалар да шыңдалып шығады.
Бүгінде Сыр өңірінде боксты дамыту жүйелі жолға қойылған. Қазіргі таңда өңірде 5 мыңнан астам спортшы бокспен жүйелі түрде шұғылданып, халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда аймақ абыройын асқақтатып келеді.
Осыған орай, бүгін қаланың сол жағалауындағы «Теннис орталығында» бокстан 2012 жылы туылған қыздар арасында ҚР чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, Халықаралық дәрежедегі төреші және жарыстың техникалық делегаты Дархан Нұргелдіұлы және Бокстан жасөспірім және кіші жасөспірім қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Тынышбайұлы қатысып, былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі.
– Бокстан 2012 жылы туылған қыздар арасындағы ел біріншілігінің ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл жарыс – жас спортшыларымыздың алдағы әлемдік додаларға қатысуына үлкен мүмкіндік деп білемін. Осындай маңызды жарыстар арқылы болашақ чемпиондарымыздың жаңа есімі елге танылады. Осы орайда барша жарыс қатысушыларына тартысты бәсеке, жарқын жеңіс пен сәттілік тілеймін! Ал төрешілеріміз әділ бағасын береді деп сенемін! Бокс бәсекесі баршамызға құтты болсын!, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде халықаралық дәрежедегі төреші және жарыстың техникалық делегаты Дархан Нұргелдіұлы мен бокстан жасөспірім қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Тынышбайұлы да құттықтау сөз сөйлеп, өздерінің ізгі тілегін жеткізді.
Осы орайда, басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы құрметті қонақтарымызға қазақтың дәстүріне сай сый-сияпат жасады.
Шара соңы каратэ спортшыпарының спорттық қойылымымен жалғасып, сырбойылық әншілердің әдемі әнімен аяқталды.
Айта кетейік, бокс бәсекесіне еліміздің барлық аймағынан келген 200-ге жуық спортшы шаршы алаңда сынға түседі. Жарыс қорытындысы 2 наурыз күні анықталып, жеңімпаздар арнайы медаль және дипломдармен марапатталады.

