Бүгінде ақпарат айдыны сәт сайын өзгеріп, бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде мерзімді басылымдар жаңа бағытта, жаңа форматта дамып келеді. Көзге көрінбейтін ақпараттық соғыс дәуірінде мерзімді басылымдардың қазіргі замандағы рөлі күшейіп, оның алдына қойылған талаптар бұрынғыдан да салмақтана түскені шындық.

Қазіргі таңда Қазақстанда 2600-ден астам БАҚ, соның ішінде, 250-ден астам электрондық бұқаралық ақпарат құралы бар. Бұл орайда «Сыр медиа» серіктестігінің басылымдарының бәсі биік тұрады. Соның ішінде биыл мерейтойын атап өтіп жатқан 80 жылдық тарихы бар Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің де оқырман алдында беделі жоғары.

«Сыр медиадағы» соны серпіліс

«Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық, 1 қалалық, 7 аудандық басылымдарды бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге таратып отырған республикадағы жалғыз медиахолдинг.

Қызылорда облысы әкімдігі қаулысымен 2010 жылдың 7 маусымында «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды. Мұндағы мақсат – облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінде қалыптасқан қаржылық қиындықтарды шешу, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, газет сапасын көтеру, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және басылымдардың уақыт сұранысына сай электрондық қызметін кеңейту болатын.

Кәсіпорын алғаш құрылғанда құрылымға қарасты облыстық екі басылым баспаханаға миллиондаған теңге қарыз еді. 2012 жылы газеттердің барлық қарызы жабылып, 2012 жылдың 20 наурызында «Сыр медиаға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәртебесі берілді. Серіктестік бастапқы құрылған 2010 жылы 85 штат бірлігі бар болатын. Бүгінде 600-ге жуық адам еңбек етеді. Қазір құрамында аудандық, қалалық, облыстық басылымдар мен баспаханадан бөлек, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі, «Рухани жаңғыру» орталығы бар ірі құрылымға айналды.

2013 жылдың соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен «Сыр медиа» ЖШС жаңадан салынған Шығармашылық үйіне орналасты. Шығармашылық үйіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімі берілді.

Осы өзгерістерге орай серіктестік жұмысының ауқымы кеңейіп, мүмкіндігі артты. Еліміздегі жалғыз десек те болады, газеттерді, атап айтсақ, облысттық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерін, қалалық «Ақмешіт апталығы» және жеті аудандық газетті, соның ішінде «Өскен өңір» басылымын А-2 үлкен форматта, түрлі-түсті бояумен шығару біздің серіктестікте ғана жүзеге асып келеді. Республикада ешқандай аудандық газетте мұндай мүмкіндік жоқ.

Бүгінгі уақыт, зайырлы қоғам қаламгер қауымына да зор міндет, асқан жауапкершілік жүктеп отырғаны баршаға белгілі. Газет ісі оқырман талғамына сай жүйелік тауып, көркемдік және рухани жағынан өсті. Соның нәтижесімен серіктестік басылымдары сапалық деңгейі жөнінен республика көлемінде жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Түрлі-түсті безендіру мен үлкен форматта шығарылатын аудандық, қалалық, облыстық газеттер тек идеологиялық тұрғыдан емес, танымдық ролі, рухани әсері елеулі маңызға ие болды. «Сыр медиа» серіктестігі аймақтағы мемлекет саясатын тұрақты жүргізуші ұжым болған соң, өзге әріптестері секілді билік пен халық арасындағы алтын көпір болып саналып келеді.

Басылымдарымыздың таралымына тоқталсақ, «Сыр бойы» газеті 30 мың данамен, «Кызылординские вести» газеті 10 мың, «Ақмешіт жастары» газеті 10 мың, ал, қалалық, аудандық газеттер 4 және 7 мың данамен жарыққа шығады. Нақты айтқанда, серіктестік газеттерінің 100 мыңға жуық оқырманы бар.

Барлық басылым редакциясының техникалық базасы жаңа заманға сай соңғы үлгідегі барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтармен жаңаланған. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен серіктестіктің өз баспаханасы да жұмыс жасап келеді. Бүгінде медиахолдингте жаңа технологияға негізделген үндістандық «CityLine Express» офсеттік машинасы жұмыс істейді. Ол сағатына 35 мың дана газет басуға есептелген.

Серіктестіктің үлкен қадамдарының бірі – өз өнімін өздері тарататын деңгейге көтерілді. Қазір облыстың барлық елді мекенінде серіктестік өкілдері, яғни газет таратушылары жұмыс істейді.

Жасыратыны жоқ, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, осыған орай, қазір кез келген ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Еліміздегі көптеген ақпарат агенттіктері жаңалықтар мен хабарларды, ақпараттарды бірінші болып беруге тырысады. Себебі, ақпараттық кеңістіктегі бәсекелестік пен рейтинг осыған мәжбүрлейді.

Қазіргі таңда әлемдік БАҚ жаппай ғаламторға көшті. Еркін ойдың аймағы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды. Елімізде ғаламторды пайдаланушылар саны жыл сайын көбейіп, дәстүрлі ақпарат құралдарындағы тұтынушылардың көпшілігі жаңа медианың жаңалығына мойын бұрғаны жасырын емес.

Қазақстанда бүгінде 14 млн 580 мың адам (Бұл – Қазақстан халқының 81,3%) интернет қызметін пайдаланады. Елімізде күніне 35-40 мың адам электронды үкімет қызметіне жүгінеді екен. Мұның бәрі – ақпараттық жаһанданудың қаншалықты жоғары қарқынмен жүріп жатқанын айғақтайтын шынайы көрініс.

Ал, 2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, Қызылорда облысында 100 адамға шаққанда 63 тұрғын ғаламторды пайдаланады.

Осыдан-ақ, «дәстүрлі журналистиканың эволюциясы», «жаңа ғасырдың жаңалығы» деп бағаланып жүрген жаңа заманғы медиа – интернет-журналистиканың қаншалықты маңызды екенін салмақтай беруге болады.

Бүгінде «Сыр медиа» серіктестігінің басшылығы сайт жұмысына ерекше көңіл бөліп отырғандығы да сондықтан. Осы себепті, медиахолдингке қарасты басылымдардың сайттары мен «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігіне саннан сапаға көшуді қолға алды.

Жаңа медиаға бетбұрыс барысында «Сыр медиа» қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларында өткен медиа форумдарға, ірі медиа кәсіпорындарға іссапарлар ұйымдастырылғанын ерекше атап өтуіміз қажет. Мұндай тәжірибе алмасулар біздің мамандарымызға жаңа медиадағы жаңа трендтерді меңгеруге жол ашып, заман көшіне ілесуге зор мүмкіндіктер беріп отыр.

Облыстық және аудандық басылымдар – сол өңірдің, ауданның басты ақпарат көзі болуға тиіс. Осыған орай басылым сайттары да, ең алдымен, сол жергілікті жерде танымалдылыққа ие болуы қажет. Міне, осы тұрғыдан алғанда, серіктестіктегі сайттарының жергілікті жердің ақпараттарына басымдық беруі – күн тәртібінен түскен емес. Медиахолдингтегі барлық сайттарда ешкімде қайталанбайтын өз өнімдері мен фоторепортаждар беру жолға қойылған.

Бір сөзбен айтқанда, серіктестік сайттары заман талабына сай дамып, бәскелестік ортада өз орнын тапқан.

Серіктестіктің тағы бір жетістігі, «Сыр медиа» академиясы – журналистерге білімін шыңдауға, біліктілігін арттыруға және заманауи трендтермен танысуға мүмкіндік беретін оқу алаңы. «Академияда» Сыр өңіріндегі және еліміздегі журналистика саласының майталмандары салалық тақырыптар бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Қазақтілді басылым қызметкерлерінің білімін арттырып, салалық журналистикаға бейімдеу, сондай-ақ өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасу алаңына айналған «Сыр медиа» академиясының семинар, лекция, дөңгелек үстел сияқты түрлі форматта өтетін сабақтарында қазақ және Сыр журналистикасының көрнекті тұлғалары мен заманауи медианың қыр-сырын меңгерген білікті мамандар серіктестік қызметкерлерінің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына өз үлестерін қосып келеді.

Бұдан бөлек, «Сыр медиа» серіктестігінің ұжымы ұлт руханиятына қызмет қылуды парызы деп біледі. Нақтырақ айтқанда серіктестікке қарасты басылым тілшілері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында облыста орналасқан киелі жерлерді, қасиетті ескерткіштерді аралап, ескінің мәні мен мағынасын, тәлімі мен тәрбиесін бөлісу мақсатында жүйелі жұмыстарды қолға алды. Бүгінге дейін осы мақала аясында қасиетті Түркістанға, Сыр топырағындағы бірқатар киелі, тарихи орындарға саяхат һәм зиярат жасап, туған жердің қадірі мен қасиетін ұғына білді. Еліміздің киелі жерлеріне сапарымызды осымен тоқтатпай, алдағы күндері Ұлытау, Бекет ата секілді қасиетті орындарға баруды жоспарлап отырмыз. Бұл – серіктестік тілшілерінің киелі орындардағы ұлылықты өз көзімен көріп, ұғынып, сезініп, журналистік тұрғыдан бағамдауына зор мүмкіндік беретін сапарлар екендігі сөзсіз.

Бойға қуат, ойға шуақ құйған басылым

«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық басылымдардың тарихы тереңде жатқанын да ерекше атап өтуіміз керек. Осындай шежіреге бай басылымдарың бірі – Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті. Басылымның 80 жылдық мерейтойы жыл басынан бері аталып келеді.

Шиелі жұртшылығының қашаннан бергі сырлас-мұңдасы болған, жылы сөзбен бойына – қуат, жүрегіне – шуақ, ойына – нәр құйған, бүгінде көнекөз басылым дейтін мәртебелі биіктен көрініп келе жатқан қара шаңырақ бұған дейін аудан әкімдігінің қолдауымен қаржыландырылып келсе, 2013 жылдан бастап «Сыр медиа» ЖШС жанынан шыға бастады.

Бүгінде Сыр еліндегі басылымдардың арасынан «Өскен өңірдің» орны ерекше. Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаев, жез таңдай әнші Нартай Бекежанов, академик Шахмардан Есенов, қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаевтар дүниеге келген өңір, «Қазақтың Швецариясы» атанған киелі топырақ – Шиелі ауданы тұрғындарының рухани азығына айналған, өңір айнасы саналған, тұңғыш қазығын «Стахановшы» Мәді Молдыстамов қағып, алғашында «Коммунизм жолы» атанып, тоғызыншы редактор, көреген журналист Дүйсенбі Смайлов «Өскен өңір» деп ат қойған өміршең басылым заман талабына сай шаршамай, талмай, оқырманын жалықтырмай жарық көріп келеді.

XX ғасырдың жетпісінші жылдары «қағазсыз газеттер» әңгіме болған. Несін айтасыз, енді он бес-жиырма жылда газеттер жойылады. Демек ғаламтор, әлеуметтік желілер қағаз газеттерді «жұтып» қояды деген сәуегейлік айтылған. Қазір сол заман келген секілді. Бірақ ең бастысы адамдар ақпаратты қалай алатындарын өздері шешеді. Газеттен оқи ма, ғаламторға жүгіне ме? Жастар көбіне жеңіл ақпаратқа құмар. Ал үлкен адамдар, интеленгенция өкілдері газеттерді оқиды. Себебі, газетке басылған сөздің мағынасы зор, ықпалы күшті. Мысалы, газеттегі мақаланың астын сызып оқитын оқырмандарымыз әлі де көп. Былай қарағанда газеттегі ақпаратқа оқырмандар сеніммен қарайды. Газеттің өзінің оқырманы, яғни өзінің қайнаған ортасы бар. Ол «Сыр медиа» ЖШС деуге негізге бар. Сондай-ақ қағаз газеттердің болашағына сеніммен қараймын. Біз «Сыр медиа» жанындағы академияда облыстағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары мамандарын адамның және журналистің құқықтарын, этикасын тереңірек оқытамыз. Сонымен қатар журналистердің сауатты жазу талабы, сөйлем құрау, тыныс белгілермен жұмыс істеу деңгейлері қатаң қаперге алынған.

Серіктестің үлкен қадамы – өз өнімін өзі тарату деп айттық. Ол «Өскен өңір» ұжымында да ойдағыдай іске асты. Серіктестік жанындағы «баспасөзге жазылу және тарату» бөліміне «Өскен өңір» редакциясы тарапынан 33 адам қызметке алынды. Редакцияда 8 журналист тікелей шығармашылықпен айналысса, 8 адам техникалық шаруашылық жұмыстарын атқарып келеді.

Ұрпақтар сабақтастығы заңды түрде жалғасын тапқан, кешегі майталман журналист ағалардың салған сара да дара жолын бүгінгі мамандар буыны жаңа заман сұранысына сай жалғастырып, бет-бейнесі, келбеті өзгерген, көркемдік деңгейі өскен, дизайны көз тартар, мақала-шығармаларының мазмұны мен сапасы, дәрежесі артқан, аудан тұрғындарының сүйікті басылымына айналып, таралымы таудай болған «Өскен өңір» газетін өміршең басылым деп нық айта аламыз.

Бүгінде нарықтың қыспағына шыдамаған қаншама басылым жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ал, ауданның төл басылымы оқырманы, іздеушісі барда мәңгі жасай бермек! Өңірдің тыныс-тіршілігіне қанықтырып, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып, жақсылықтың жаршысына айналған қарт басылымның елге берері таусылмайды.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры

Тағы да оқыңыз: