Kyzylorda-news.kz. Ғылым – дүниенің кілті. Егер танып-білуге талпынбасақ, зерттеп-зерделеуге зейін қоймасақ даму көрсеткіші де көңіл көншітпес еді. Ұмтылыс жоқ жерде ұтарымыз азайып, ұтымдылықты ұмыт қалдыруымыз бек мүмкін. Сондықтан, түрлі саланың тоқырауына тосқауыл қоярлық жаңалық ашуға, үлес қосуға әрекет еткен жөн-ақ. Бүгінде аймағымызда айшықты зерттеуімен көзге түсіп, тың тақырыпта идеяларын жүзеге асырып жүрген жастар жетерлік. Алға жылжуда қарышты қадам басып жүргендердің еңбегі жемісін де беріп жүр. Бұл ізденіс пен тапқырлықтың тоғысуынан туындайтыны даусыз. Үздіксіз еңбектің нәтижесі деп баға беруге болады.
Ең алғашқы адамдар өздерін қоршаған орта жайлы білімді жинай бастады. Адамзаттың даму жағдайына қарай білім арта берді. Адамдар қоршаған ортаның құпияларына тереңдей енуге талпынды. Уақыт өте келе жекелеген ғылымдар пайда болып, дамыды. Олардың бірі – табиғатты, келесілері – экономиканы, үшіншілері – тарихты немесе мәдениетті зерттеді. Кейінірек ғылым ой еңбегін дене еңбегінен бөлді. Дәл осы әлеуметтік дамудың арқасында адамзат қызметінің ерекше түрі – ғылыми таным қалыптаса бастады.
XVII ғасырдан кейін ғылымның қазіргі түрлері айқындалды. Ғылым дамуының негізгі қозғалтқыш күші ғылыми және өндірістік революциялар болды. Мысалы, XVIII ғасырда бу қозғалтқышының жасалуы ғылымның дамуына күшті серпін беріп, ол өз кезегінде бірінші ғылыми-техникалық революцияның жүзеге асуын қамтамасыз етті. Ал, ғылымның қазіргі таңдағы жіктелуі барлық ғылымды үш түрге бөледі. Олар: жаратылыстану, техникалық, қоғамдық және гуманитарлық бағыттар. Соның ішінде Сыр ғалымдары жаратылыстану бағыты бойынша ерекше жаңалықтар ашып, өңір дамуы үшін жаңа бастамаларды қолға алып жатыр.
Атап айтар болсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсына қатысып, байқау нәтижесінде университеттің екі жобасы 30 миллион теңгеден аса қаржылай қолдау тапқанын көпшілік біледі.
Күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған биотыңайтқышты топырақ құнарлылығын арттыруда қолдану арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру жобасы өндіріске енгізілмек. Зерттеу жұмысын университеттің инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Ғалым өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту салаларын зерттеп келеді. Қазіргі таңда оның 70-тен аса ғылыми жұмысы бар. Бұл жұмыстардың туған жердің экологиялық ахуалының едәуір жақсаруына да ерекше сеп тигізетіні нақтыланып отыр.
Инновациялық жоба топырақ құнарлылығын арттыруда күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынған биотыңайтқышты пайдалану есебінен көкөніс және бақша дақылдарының (картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қауын және қарбыз) өнімділігін арттыруға бағытталған. Жобаны Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылындағы «Тұрмағамбет» ЖШС-де іске асыру жоспарланған еді. Болашақта өңірдің көп тонналы ауыл шаруашылығы қалдықтары биотыңайт¬қышқа қайта өңделетін болады. Алынған биотыңайтқыш топыраққа 10 т/га нормада енгізіліп, биотыңайтқышты енгізу есебінен топырақтың құнарлылығы мен сипаттамасы жақсартылмақ. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыстың нәтижесі Арал өңіріндегі органикалық егіншілік тұжырымдамасының дамуына әсер етпек.
Ол аз десеңіз, гранттық қаржыландыру конкурсына 17 жоба ұсынылып, іріктеуден өткен 6 жас ғалымның жобасы Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына өткізілген. 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары дайындаған 40-тан астам жоба ұсынылмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді.
Түйін. Ғылым – әлемді танып-білу тәсілі. Ежелгі адам тас пен сүйектен алғашқы еңбек құралын жасағанда, от жағуды үйренгенде, қарапайым баспана жасап, тасқа қашап сурет салған кезде тарих ғылымы дүниеге келді. Жазудың пайда болуымен білім жинақтала бастады. Адам өмірлік әрекеті барысында жазудың көмегімен қоршаған орта жайлы білімін өзгелерге тарата бастады. Кейін адам жануар мен өсімдіктер, жұлдыздар мен ай, арба мен баспанасы туралы маңызды деректерді жазып қалдыруынан биология, астрономия, физика және сәулет өнері, медицина мен математика ғылымдары пайда болды. Осы бір игілік әлі күнге адамзат үшін қызмет етіп келеді.
Иә, расымен қазақ өз-өзін таныса, әлемді мойындатады.