Kyzylorda-news.kz. Әлемдік деңгейде қазақтың көк туын желбіретіп жүрген жас спортшы Нұрым Сәлімгерейұлы «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға өз өтінішін білдірді. Талай палуанмен боз кілемде белдескен үміткер, бұл жолы саяси додаға қатысып бақ сынамақ.
«Партияластарым қолдап, жеңіске жетіп жатсам, ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды жоспарларымды жүзеге асырмақпын» – дейді палуан.
Сыр барысы Сәлімгереев Нұрым – 1994 жылдың 2 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылында дүниеге келген. 2000 жылы №59 Қарақұм орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 2004 жылдан бастап Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Қарақұм ауылындағы қазақ күрес бөлімшесінде қазақ күресінің қыр-сырын меңгеруді бастады.
Спорт шебері. Самбодадан ересектер арасында Қазақстанның чемпионы. Қазақ күресінен ересектер арасында ел чемпионы. Белбеу күресінен ересектер арасында ҚР-ның чемпионы. Дзюдодан ересектер арасында ҚР-ның чемпионы. 2015 жылдың «Сыр барысы». Қазақстан барысына қатысушы.
2013 жылы Ақтөбе қаласында қазақ күресінен жастар арасында Бүкіл Қазақстан ойындарында 90 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
2013 жылы Қызылорда қаласында қазақ күресінен жастар арасында «Жас барыс» Республикалық чемпионатында 90 кг салмақ дәрежесінде чемпион.
2014 жылы 100 кг салмақ дәрежесінде дзюдодан жастар Қазақстан құрама сапында АҚШ-та өткен әлем біріншілігіне қатысты.
2014 жылдың желтоқсан айында Тайландта өткен дзюдодан жастар арасында (23 жасқа дейін) Азия чемпионатында 100 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
2015, 2018, 2019 жылдарда Қазақстан барысы турнирінің қатысушысы.
2019 жылы 15 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль иеленген.