Kyzylorda-news.kz Ауа-райының тосын мінез танытуы бірқатар өңірлерді су басып, халық қиын кезеңді бастап өткеріп отыр. Бүгін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады.
Кезек күттірмейтін елдегі орын алған ахуалды яғни су тасқынының зардаптарын жою бойынша қарқынды шаралар қабылдауда. Төтенше жағдайлар қызметі мен құтқару жасақтары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Елде қалыптасқан жағдай Мемлекет басшысының жеке бақылауында.
Біздің ауданнан да Ақтөбеліктерге жиналған гуманитарлық көмек бірнеше күн бұрын аман-есен жетті. Әлі де жерлестер жұмыла қолдау көрсетуге дайын. Біздің күшіміз бірлікте.
Мемлекет басшысы әрқашан елмен бірге. Бүгінгі үндеуі соның тағы бір дәлелі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде орын алған төтенше жағдай бойынша халыққа үндеу жариялады. Еліміздің бірнеше аймағында жағдай әлі де қалпына келмей тұрғаны белгілі. Су шайып кету қаупі сейілген жоқ. Сондықтан, қазір бұл жағдайдың себебін іздеп уақыт кетірудің қажеті жоқ. Салдарымен күресудің жолдарын қарастыру қажет деді өз сөзінде Тоқаев.
"Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді" – деді.
Бұл үндеуді толықтай қолдаймын. Дәл қазіргі сын сағатта күшіміз бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеудің сәті келді. Ең бастысы, елдің амандығы керек. Қалғанын елмен еңсе тіктеп еңсереміз.
Әзия ҚЫСТАУБАЕВА,
ардагер.
