Kyzylorda-news.kz. ​«Отан отбасынан басталады» деген дана халқымыз ежелден отбасы келешегіне немқұрайлы қарамаған. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. 

Отбасы – адамдардың әлеуметтік қауымдастығының ең ежелгі формасы. Ол – дін, нарық, мемлекет, әскер, саясат, білім сияқты әлеуметтік институттардан әлдеқайда ерте пайда болған.

Отбасы бұл туысқандыққа, неке және бала асырап алуға негізделіп, адамдарды қайта өндіретін және тұрмыстың ортақтығымен, өзара өнегелік жауапкершілік және өзара көмекпен адамдарды біріктіретін әлеуметтік жүйе.

Отбасы қоғам ұйымы болып табылады. Сондықтан, оның қызмет етуіне қоғамда болып жатқан барлық әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестер әсер етеді.

Отбасы жүйесінің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – ол бір мезгілде әлеуметтік институт сипатына да және шағын әлеуметтік топ сипатына да ие бола алады. Әлеуметтік институт ретінде, отбасы өнегелік және құқықтық заңдастырылған, қоғамдық және мемлекеттік қолдауға ие, жұбайлар, ата-аналар мен балалар және басқа да, туыстар арасындағы өзара қатынасты реттейтін әлеуметтік нормалар, санкциялар мен мінез-құлық үлгілерінің жиынтығымен сипатталады.

Ұлын ұлтжанды, қызын қылықты етіп өсіру әр ата-ананың міндеті болуы да сондықтан. Ұстаздық жолын таңдаған, білім беру саласында талай жыл аянбай еңбек етіп, өңіріміздің ғылым мен білімін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүргендер қаншама. Солардың қатарына Омаровтар жанұясын қосуға болады.

Киелі әулеттің отанасы – Рахымкүл Орманқызы жастайынан сынып толы балаларға сабақ беруді қалаған. Бұл ойлағанына қол жеткізуі үшін өзі де мектеп қабырғасында мұғалімдердің айтқанын санаға мықтап тоқыған. Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық университетін ойдағыдай тәмамдаған. Студенттік шақпен қош айтысып, ең алғаш еңбек жолын сол жылдары жаңадан ашылған С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептен бастайды. Аталған мектепте 40 жыл еңбегін сарп етіп, қазіргі таңда зейнеткерлікке шықты.

Рахымкүл Омар қызығы мен қиындығы қатар жүрген ұстаздық жолында оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадалардың, ғылыми жобалардың, түрлі көркемсөз оқу шеберлері байқауының жеңімпазы атанды. Бұл білікті маманның еңбегі мен мейірімінің арқасында жүзеге асты.

– Анамның мінезі ақжарқын, оқушылардың айтуынша, ол сабақ бергенде бар жан-тәнімен беріліп түсіндіруге мән береді екен. Бұл балаға жетік жеткізудің амалы деп білемін. Ал, үйде ана болған соң тәрбиеде қатал. Сабақ үлгерімімізді аса қатты қадағалайтын. Соның әсері ме, мен де мұғалімдік жолды таңдадым, – дейді ұлы Ғазиз Омар.

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екендігін жете түсінген Ғазиз Сұлтанбекұлы бүгінде анасының ізімен білім белесін бағындыру үстінде.

– «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деп айтқан Мәлік Ғабдуллиннің пайымына қосыламын.

Ұстаз дана адам, ол барлық оқушыларға пана болады. Сол себепті де, әл-Фарабиден бастап, ұстаздың сабырлылығына, даналығына барлық адамзат бас иеді деп ойлаймын. Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау деп түсінемін, – дейді жас мұғалім.
Ғазиз Сұлтанбекұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша білім алған. С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте информатика пәнінің мұғалімі және ұйымдастырушы педагог болып қызмет атқарғанына да бес жылға жуықтапты.

– Мұғалім - барлық білім беру жүйесінің діңгегі, түп тамыры, жаны мен жүрегі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, икемділікті, мейірімділікті, ерекше шәкіртжандылықты қажет ететін де ұстаздық. Олай дейтінім, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейді. Ұстаз - үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мәртебелі маман. Сондықтан да қазіргі заманғы мұғалімдер ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Бұл нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Оқыта отырып тәрбиелеп, тәрбиелей отырып адамгершілігі мол, рухани бай адамды қалыптастырады. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты да осы. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өз ісіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде талай жеткіншектің жүрегінде мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі - өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында, – дейді Ғазиз Сұлтанбекұлы.

Өйткені, оның білімі, мәдениетті сөзі, қарапайым да сыпайы киім киісі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»,- деген болатын. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондықтан ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Өз кәсібінің майталманы ғана осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу арқылы жететіні түсінікті. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін «Ұстазым» деп атайды. Осы тұста ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, өмірден өз орнын тауып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!

Құдай қосқан жары Динара да білім саласында өз үлесін қосуда. Ол Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіннен түлеп ұшқан.

– Осы отбасына келін болып түскеніме ризамын. Оқу орнын бітерген соң 2013 жылдан бастап, С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте кітапханашы қызметін атқарып келемін. Кітапханашылық қызметті абыроймен атқаруыма анамның ықпалы өте зор болды. Маған көп дүниені үйретіп, оқушылармен қызықты жұмыс жасауыма ұйытқы бола білді. Қазіргі күні жолдасым екеуміз жас жеткіншектердің білім алудағы кезеңдеріне өз бойымыздағы қабілетімізді барынша жұмсап, олардың мектеп қабырғасындағы өмірлерінің өрелі өрілуіне үлесімізді қосып келеміз, – дейді Динара Ақниетова.

Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басып келе жатқан буынның саны артпаса, кемімесі анық. Осындай үлгі-өнегеге толы отбасы қоғамды көркейтері сөзсіз.

Жиырма бірінші ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше, баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы бола білген мұғалім мейірімге толы жүрегімен, бойындағы білімімен, парасатымен талай шәкіртті ақылды, мəдениетті, интеллектуалдық өрісі кең, заман талабына сай жан-жақты ақпараттандырылған, бәсекеге қабілетті заманға еркін енетін белсенді ұрпақты тəрбиелеп, мәртебелі мамандық иесі бола беретініне сенім жоғары.

Тағы да оқыңыз: