Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасында бұл бағытта жүйелі реформалар жүргізіліп, заңнамалық және институционалдық тетіктер жетілдірілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін, әділдік қағидаттарын бұзатын және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін құқық бұзушылық. Сондықтан бұл құбылысқа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Сот жүйесі де бұл бағытта айрықша маңызға ие. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы жария-құқықтық дауларды қарай отырып, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Соттар әкімшілік рәсімдердің заң талаптарына сәйкес жүргізілуін тексеріп, мемлекеттік орган әрекеттерінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығына баға береді. Бұл – билік пен қоғам арасындағы теңгерімді сақтаудың тиімді тетігі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда профилактикалық жұмыстардың орны ерекше. Ашықтық, есептілік, цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау – құқықбұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдары. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәдениеті мен жеке жауапкершілігін арттыру – басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытқанда ғана қоғамда әділдік қағидаттары орнығады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап етеді.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл тек жазалау шаралары ғана емес, ең алдымен, алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және заң үстемдігін орнықтыру саясаты. Заңдылық пен әділдік салтанат құрған қоғамда ғана тұрақты даму мен азаматтардың әл-ауқаты қамтамасыз етіледі.
А.Өмірзақ,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы
Фото: Нұрболат Нұржаубай
