Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі - сыбайлас жемқорлық. Осы мәселеге қатысты қазіргі күні барлық мекемелерде басқосулар, ұжым арасында түсіндірме жұмыстар жүргізілуде.
Бүгін Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында мекеме қызметкерлерінің қатысуымен ақпараттық-құқықтық оқыту өтті.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамның өзекті мәселесіне баса назар аудара отырып, ұжым арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық принциптерін енгізу.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының бас маманы Жанар Қозбағарова Орталық қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау жолдары туралы және салалық заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жеткізді.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша 2023 жылы заңнамаға енгізілетін өзгерістер жобасы жөнінде түсіндірді.
Шара соңында мекеме ұжымына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында дайындалған арнайы бейнеролик көрсетіліп, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берілді.

