Kyzylorda-news.kz. Ата кәсіпті ұмыт қалдырмаған Жалағаш ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өйткені, жалағаштық шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды ұтымды пайдаланып, мал басын арттырып қана қоймай, асылдандырып отыр. Осының нәтижесінде өңірде мал шаруашылығы өнімі артып, шаруа қожалықтарының шаруасы да ширады. Мал шаруашылығымен айналысамын, мал басын асылдандырып, төрт түлік түрлерін түрлендіремін деушілердің қатары жылдан жылға артса, бұған себеп шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралардың жемісі деуге болады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл мал басын арттыру жұмыстары барлық түлік түрлері бойынша өткен жылмен салыстырғанда 100 пайыздан аса орындалған.
Бүгінде аудан көлемінде барлығы 38 206 бас мүйізді ірі қара, 43 299 бас уақ мал, 22 502 жылқы, 733 бас түйе, 115 бас шошқа, 10 611 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 104,0 пайыз, жылқы 137,9 пайыз, түйе 102,5 пайыз, уақ мал 100,4 пайыз, құс 102,6 пайыз орындалған. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 136 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей Сыбаға бағдарламасымен 116 шаруашылық кәсібін дөңгелентіп отыр. Өңірдегі асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2,0 пайызға жеткен.
Айта кетейік, бұған дейінгі аудан бойынша МІҚ 114,4, жылқы 107,6, түйе 111,5, қой-ешкі 96,0, шошқа 100,9, үй құстары 103,4 пайыз көрсеткішті құраған. Өңірде 106 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысса, оның 88-і «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды МІҚ малының үлес салмағы 2,0, жылқы 0,16, қой 24 пайызға жеткен. Мал шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды түлік түрін көбейту, экспорттаумен айналысып жатқан кәсіпкерлер туралы ақпараттан хабардар еткен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі өткен жылы 265 бас импорттық мүйізді ірі қара малын сатып алуға «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан несиеге 200 млн теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Бұдан бөлек, Қаракеткен ауылының «Жанель» шаруа қожалығы «Ауыл КТ» серіктестігі ЖШС-нан 37,5 млн теңге несие алып, 780 бас қой және шаруашылыққа қажетті трактор сатып алып, қазіргі таңда шаруашылық жұмысы ширап тұр.
Мал баққан кәсіпкерлерге арнайы мемлекеттік бағдарламалар да іске қосылған. Ауыл шаруашылығымен айналысам деушілерге өте тиімді «Сыбаға» бағдарламасы аясында ауданға қарасты 25 шаруашылық 76 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған. Нәтижесінде, өңірде 3 шаруашылық асыл тұқымды МІҚ малын өсірумен айналысады.
Атап айтар болсақ, «Бақдаулет-57» ФҚ, «Адал» ЖК, «Қиясов Еркебұлан» ФҚ. Бұдан бөлек «Бақдаулет-57» ШҚ, «Туған жер» ШҚ ет бағытындағы асыл тұқымды қой өсіруді кәсіп қылып отыр. Осы тұста, Аққұм ауылдық «Бақдаулет-57» ШҚ асыл тұқымды түлік түрлерін көбейтуде жемісті еңбек етуде. Шаруашылық 2017 жылы ет бағытындағы «Қазақтың ақбас» асыл тұқымды шаруашылық статусын алған. Шаруашылықта жүздеген бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры, асыл тұқымды «Қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойы», жылқы мен түйе малы өсірілуде.
Өткен жылы он беске жуық бас асыл тұқымды бұқаны бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған басқа да шаруашылықтарға сатып, ерекше тұқымды МІҚ өсіретіндер қатарын арттырса, биыл да мал басын асылдандыру жұмыстарын ширатты. Алты бас бұқа Жалағаш ауданы, алты басы Сырдария ауданының шаруашылықтарына сатылған. Аталған шаруа қожалығының бірден-бір жетістігі – бұған дейін 127 бас асыл тұқымды қойды Иран Республикасына экспорттап, аудандағы мал шаруашылығының серпін алуына септігін тигізді.


